09.11.2023, 01:30

Астанада дзюдодан Қазақстан чемпионаты өтеді

Фото: Астана қаласының әкімдігі

Төрт күнге жоспарланған жарыста ерлер мен әйелдер 7 салмақ дәрежесінде өзара мықтыны анықтайды.

Астанада дзюдодан ерлер мен әйелдер арасында Қазақстан Республикасының чемпионаты өтеді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Елорда әкімдігінің хабарлауынша, ел біріншлігі 12-15 қараша күндері Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында ұйымдастырылады. Республикалық додаға еліміздің 17 облысы мен Астана, Алматы және Шымкент қалаларынан барлығы 500-ге жуық дзюдошы қатысады деп жоспарланған.

Қатысушылар арасында бүгінде ұлттық құрама сапында әлемдік додаларда ел намысын қорғап жүрген татами шеберлері бар. Атап айтқанда, Нұрқанат Серікбаев, Данияр Шамшаев, Ислам Бозбаев, Ғалымжан Қырықбай, Бауыржан Нарбаев, Есет Қуанов, Ғалия Тынбаева, Кәмилә Берліқаш сынды Азия чемпионатының, әлемдік Гран-при және Grand Slam жарысының жеңімпаз-жүлдегерлері қатысады.

Қазақстан чемпионаты нәтижесінде 2024-2025 жылғы жаңа маусымға ұлттық құрама жасақталатын болады. Төрт күнге жоспарланған жарыста ерлер мен әйелдер 7 салмақ дәрежесінде өзара мықтыны анықтайды.

Cондай-ақ, аралас командалық жарыстың жеңімпазына Қазақстан кубогі табысталады.