Әскери гарнизондардың 13 аудандық бөлімінде жылыту кезеңі өз жұмысын бастады.
Генерал-лейтенант, Қорғаныс министрлігінің тыл және әскери құрылым жөніндегі орынбасары Мұхамеджан Таласов әскери мекемелер мен бөлімдердің жылыту маусымына дайындығын тексеру үшін әкімдермен кездесті, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Мұхамеджан Таласов сапар барысында Семей қаласының әкімі Нұрбол Нұрсағатовпен, Шығыс Қазақстан облысының әкімі Ермек Көшербаевпен, Алакөл ауданының әкімі Алмас Абдиновпен, Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаровпен кездесулер өткізді.
Кездесуде Жем қаласындағы екі тұрғын үйді Қорғаныс министрлігінің қарамағына беру, әскери қалашықтарды абаттандыру, инженерлік желілер, жергілікті атқарушы органдардың балансындағы тұрғын үйлерді ретке келтіру, лазареттер мен әскери госпитальдарға жергілікті қордан нысандар бөлу секілді бірқатар мәселелер талқыланды.
Келіссөздер нәтижесі бойынша, өңір басшылары әскери қызметшілер орналасқан аймақта коммуналдық-тұрмыстық, әлеуметтік-мәдени ахуалды жақсартуға бағытталған бірқатар мәселелердің шешімін табу үшін көмектесуге дайын екендіктерін айтты.
Сонымен қатар, генерал-лейтенант Мұхамеджан Таласов басқарған комиссия Өскемен, Ақтөбе, Үшарал, Абай, Аягөз, Атырау, Ақтөбе гарнизондарын аралау кезінде, модульдік ғимараттарды салу жөніндегі жұмыстардың орындалуын, инфрақұрылымның қысқы кезеңге дайындығын, ағымдағы және күрделі жөндеулерді жұмыстардың орындалуы мен сапасын тексерді. Әскерилерге медициналық көмек көрсетуге, әскери қызметшілерді емдеу мен оларды жұмысына қайта оралуына жауапты медициналық мекемелердің қызметін ұйымдастыру бойынша, бірнеше тапсырмалар беріліп, нұсқаулықтар енгізілді.
Одан бөлек, мерзімді қызметтегі сарбаздарды тұрғын үй – тұрмыстық әлеуетіне, оларды заттай мүлікпен қамтамасыз етуге, жеке құрамды тамақтандыру жұмыстарын ұйымдастыру мәселелеріне баса назар аударылды.
Генерал-лейтенант Мұхамеджан Таласов Қазақстан Қарулы күштерін құру мен дамыту тұжырымдамасына сәйкес салынып жатқан әскери бөлімдер мен мекемелерді қайта орналастыру орындары мен инженерлік оқ-дәрілер базасына тексеріс жұмыстарын жүргізді.
Тексеру жұмыстары кезінде комиссия құрамына кіретін офицерлер тыл қызметтерінің есебін жүргізудің есептілігі мен тәртібінің мәселелерін, жанар - жағар майды есептен шығарудың заңдылығы мен болуын тексерді.
Сонымен қатар, бөлімшелер басшылығына материалдық-тауарлық құндылықтар мен азық-түлік қызметін ұйымдастыру мәселелеріне практика түрінде көмек көрсетілді.
Қазіргі таңда барлық гарнизондарға отын толық көлемде жеткізіліп, бақылау оттықтары мен жылыту жүйелеріне гидравликалық сығымдау жүргізілді. Нәтижесінде, бүкіл гарнизондардағы жылу желілерін кезекті жөндеу жұмыстары аяқталды.
Бүгінгі таңда әскери гарнизондардың 13 аудандық бөлімінде жылыту кезеңі өз жұмысын бастаған. Мәелен, батыс аймақтардағы және оңтүстік өңірдегі АПБ жылыту маусымына дайын. Жылу беру алғашқы бес күн бойы орташа тәуліктік температура +10 градусқа дейін сондай-ақ, одан төмен түскеннен кейін жасалады.
Вице-министр, генерал-лейтенант Мұхамеджан Таласовтың гарнизондарға бару жұмысының қорытындысы бойынша, Әуе қорғаныс күштерінің, Құрлық әскерлерінің бас қолбасшыларына, бас әскери-медициналық басқармасының бастықтарына, әскери инфрақұрылым бас басқармасының басшыларына , аудандық пайдалану бөлімдері мен әскери бөлімдердің командирлеріне әскер и аймақтарды одан әрі абаттандыру мен үй-жайларды реттеу және Қарулы күштер нысандарының инфрақұрылымына қатысты мәселелер бойынша бірқатар нақты тапсырмалар беріліп, хаттама енгізілді.