09.11.2023, 18:00

Министр: Жарнама жастарымызды құмар ойынға алдап түсіріп жатыр

Фото: Туризм және спорт министрлігі

Мемлекеттік бақылау шеңберінде ойын бизнесі қызметтеріне тексеру жүргізіліп жатыр. Заң талаптары бұзылған жағдайда олардың лицензияларының күші жойылады. 

 

Лудоманияның кесірінен қарызға батып, салдарынан ажырасып жатқан отбасылар бар. Бұл туралы бүгін Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев лудомания және букмекерлік кеңселердің жұмысын біріктіру мәселелері бойынша AMANAT фракциясының кеңейтілген жиынында айтты, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Президент тапсырмасына сай мемлекеттік органдар Парламент депутаттарымен бірлесіп азаматтар арасындағы құмар ойынға тәуелділікпен күресу үшін заңнамалық, ұйымдастырушылық және ақпараттық-идеологиялық іс-шаралар кешенін қабылдауға тиіс.

Өкінішке қарай, құмар ойынның жетегінде кетіп жатқан жастарымыздың саны күнара өсіп келеді. Жеңіл ақша табуға шақырған түрлі жарнама жастарымызды құмар ойынға алдап түсіріп жатыр. Қарызға батқан көп отбасы ажырасып, тіпті өз-өзіне қол жұмсаушылар да бар. Лудомания –  біздің қоғамда қауіпті дертке айналды. Министрлік ойын бизнесіне қарсы күрес бойынша мемлекеттік бақылау шеңберінде бірқатар кешенді шаралар қабылдауда, - деді Ермек Маржықпаев.

Қазіргі таңда республика бойынша ойын бизнесімен айналысуға 28 лицензия берілген. Оның бесеуі (5) казино, сегізі (8) ойын автоматтары залы, он үші (13) букмекерлік кеңсе және екеуі (2) тотализатор.

Мемлекеттік бақылау шеңберінде ойын бизнесі қызметтеріне тексеру жүргізіліп жатыр. Заң талаптары бұзылған жағдайда олардың лицензияларының күші жойылады. Биыл тексеріс нәтижесінде 7 букмекерлік кеңсенің, 5 тотализатордың және 1 ойын автоматтары залының лицензиясы тоқтатылды. Ал сот арқылы тағы 3 букмекерлік кеңсені лицензиядан айыру рәсімі жүргізіліп жатыр.

Министрлік AMANAT фракциясымен бірлесіп «Ойын бизнесі, букмекерлік кеңселер мен лотерея қызметтері» бойынша арнайы заң жобасын даярлады. Бұл заң жобасында 50-ден астам нақты түзетулер көзделген. Оның ішінде:

- Букмекерік кеңселердің жарнамасын шектеу;

- Тұрғын-үй, дүкендерде, медицина, білім беру нысандарында лотоматиктерді орнатуға тыйым салынады;

- Онлайн казиноны ұйымдастырушыларға қылмыстық жауапкершілікті белгілеу;

- Онлайн казиноға, заңсыз букмекерлік кеңселерге транзакциялар жасауға тыйым салу;

- Өтелмеген қарызы бар азаматтарға, оның ішінде алименттік және салықтық жабылмаған қарызы бар адамдарға құмар-ойындарға қатысуға тыйым салу;

- Букмекерлердің қаржы айналымын нақты білу үшін – салық органдарының қаржылық-ақпараттық жүйелерімен интеграциялау;

- 21 жасқа толмаған жастарды құмар ойынға заңсыз қатыстырғаны үшін жауапкершілік көзделген.