Шәкіртақыдан қағылғандардың мемлекет алдындағы берешегі алты жарым миллиардқа жеткен.
«Болашақпен» шетел асқан 270 түлек Қазақстанға оралмаған, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы КТК жаңалықтарына сілтеме жасап.
Мемлекеттік бағдарлама арқылы білім алғандар соңғы кезде стипендияны шетелге билет ретінде қарастыратын болған деп сынады сенатор Андрей Лукин.
Үкімет басшысына жолданған депуттатық сауалында Лукин қаражаттың тиімсіз игеріліп жатқанын айтқан. Ғылым және жоғары білім министрлігі грантты оңды-солды үлестіріп, шет ел асқан стипендианттың білім алу-алмауын жөнді қадағаламайды дейді сенатор. Бағдарлама іске қосылған отыз жылда түлектердің елге оралып, мамандығы бойынша үздіксіз еңбек етуінде талай олқылық тіркелген. Шәкіртақыдан қағылғандардың мемлекет алдындағы берешегі алты жарым миллиардқа жеткен.
Кепілге қойылған мүлікті заңсыз алып тастау фактілері де бар. Ал ереже бойынша стипендиат барлық шарт міндеттемелерін орындағаннан кейін ғана алуға болады. Алайда осыған қарамастан, орталықтың бұрынғы басшылығы міндеттемелерді орындамаған түлектер бойынша кепілдікті алып тастау туралы шешім қабылдады. Ал оларды оқытуға жұмсалған шығын 100 млн теңгеден асқан, деді Андрей Лукин Сенат депутаты.