10.11.2023, 15:20

Әшімбаев: Тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы заңды қатайтуға дайынбыз

Фото: parlam.kz

Бұл бағыттарда тиісті министрліктер, мемлекеттік органдар жұмыстарды атқарып жатыр. Бірақ ол жеткіліксіз шығар.

Сенатор Мәулен Әшімбаев тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы заңды қатайту мәселесіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Біз қылмыстық кодекстің тиісті баптарын өзгертіп, осындай қылмыстар үшін жауапкершілікті күшейттік. Сіз айтып отырған оқиға – ерекше жағдай. Ол - үлкен қылмыс. Тергеу органдары бәрін анықтайды, ары қарай сот шешімі болатын шығар. Сот жазаны да, жауапкершілікті де анықтайды, - деді ол.

Сонымен қатар Әшімбаев Қазақстан заңнаманы қатайту бойынша қажетті шараларды қабылдап жатқанын айтты.

Егер заңнаманы ары қарай күшейту керек болса, біз оған дайынбыз. Біз оған дейін де оны жасадық. Егер ары қарай да қоғам талабы болса, біз мамандармен ақылдаса отырып, ол қадамдарға да барамыз. Оған күмән болмауы керек. Тек заңнаманы өзгертумен бұл мәселені шешуге болмайды. Жалпы заңдарды қатайтқаннан мәселе шешіліп кетпейді. Сонымен қатар, жалпы адамдардың, жастардың мәдениет деңгейін де көтеру керек секілді. Елімізде осындай бағыттарда азаматтарымыздың мәдениетіне қатысты да үлкен жұмыстарды жүргізу керек деп ойлаймын. 

Бұл бағыттарда тиісті министрліктер, мемлекеттік органдар жұмыстарды атқарып жатыр. Бірақ ол жеткіліксіз шығар.

Жалпы түсіндіру, ағарту жұмыстары керек екені анық. Тәрбие бала кезден қалыптасады. Мектептен бастап түсіндіру керек. Қыз бен баланың арасында қарым-қатынас қалай болуы керек? Қалай бір-бірін құрметтеуі керек? Қыздарға қол көтермеу керектігін бала кезден ер балаларға түсіндіре беруіміз керек. Бұл жерде тәрбие жұмыстарында үлкен олқылықтарды көріп тұрмыз десек артық болмайтын шығар, - деді Әшімбаев.