12.11.2023, 22:30

СІМ: Қазақстан палестиналықтардың өз мемлекетін құруын қолдайды

Фото: Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі

Сондай-ақ Газа секторында әскери қимылдарды дереу тоқтатуға шақырды.

Премьер-министрдің орынбасары – сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Қазақстан тарапы астанасы Шығыс Иерусалимде орналасқан, 1967 жылғы шекарада халықаралық деңгейде танылған Палестина мемлекетін құруды толық қолдайтынын мәлімдеді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Ол бұл туралы Араб мемлекеттері лигасының (АМЛ) және Ислам ынтымақтастығы ұйымының (ИЫҰ) Палестина мәселесі бойынша кезектен тыс бірлескен саммитінде айтты.

Іс-шараға ИЫҰ-ға мүше мемлекеттердің мемлекет, үкімет басшылары, сыртқы істер министрлері қатысты. Қатысушылар Палестина-Израиль қақтығысын бейбіт жолмен шешу, Палестинаға заңды аумақтарды қайтару қажеттілігі туралы пікір білдірді, сондай-ақ Газа секторында әскери қимылдарды дереу тоқтатуға шақырды.

Саммитте сөйлеген сөзінде ҚР Сыртқы істер министрі Қазақстан палестиналықтардың өзін-өзі анықтауға және астанасы Шығыс Иерусалимде орналасқан 1967 жылғы шекарада халықаралық деңгейде танылған Палестина мемлекетін құруға заңды құқықтарын толық қолдайтынын мәлімдеді. Таяу Шығыс дағдарысын реттеу тек БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі бекіткен "екі халық үшін екі мемлекет" формуласы негізінде ғана мүмкін болатындығы аталып өтті.

Қазақстан Газа секторында әскери қимылдарды дереу тоқтатуға шақыра отырып, ИЫҰ-ға қатысушы елдермен ынтымақ танытты және танытуды жалғастырып жатыр және осы мақсатта Қазақстан БҰҰ Бас Ассамблеясының 27 қазандағы төтенше арнайы сессиясында Иордания Хашимит Корольдігі ұсынған атысты тоқтатуға шақыратын қарарға дауыс бергенін қоса жеткізді, - деді Мұрат Нұртілеу.

ҚР сыртқы саяси ведомствосының басшысы бейбіт тұрғындар, оның ішінде тым көп балалар, әйелдер мен қарттар жанжалдың жазықсыз құрбаны болғанын айтты. Сондай-ақ қазіргі уақытта Газа секторында жүрген және осы аумақтан кетуге мүмкіндігі жоқ ҚР азаматтарына қатысты жағдайға алаңдаушылық білдірді.