14.11.2023, 23:30

Астанада дзюдодан Қазақстан чемпионаты өтіп жатыр

Фото: Астана қаласының әкімдігі

Бүгінгі жарыс күнінің нәтижесі бойынша ерлер және әйелдер арасында 5 салмақта жеңімпаздар анықталатын болады. 

 

 

 

 

Дзюдодан Астана қаласында кезекті ел чемпионаты күні өтіп жатыр. Бұл турнирде 17 өңір және 3 қаладан 463 спортшы бақ сынайды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Елорда әкімдігінің мәліметінше, Біріншіліктің ашылу салтанатына Қазақстан дзюдо федерациясының президенті Қуанышбек Есекеев, Астана қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысы Самат Жылқыбаев, ҚР МСМ Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Ербол Мырзабосынов қатысты.

Мемлекет басшысының «Отандық спортта әділ бәсекелестік қағидатын орнату» туралы тапсырмасына сәйкес, бүгінгі чемпионатқа шет елден 3 тәуелсіз төреші шақыртылды. Қазіргі таңда елімізде дзюдомен 133 мыңға жуық адам тұрақты түрде айналысады. Соның нәтижесінде ел спортшылары халықаралық дүбірлі додаларда топ жарып, ұлт абыройын асқақтатып жүр. Олар өскелең ұрпаққа үлгі-өнеге болып, жастарды жарқын жеңістерге жетелейді, — деді жарыстың ашылу салтанаты барысында ҚР МСМ Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Ербол Мырзабосынов.

Бүгінгі жарыс күнінің нәтижесі бойынша ерлер және әйелдер арасында 5 салмақта жеңімпаздар анықталатын болады.

Айта кетейік, чемпионаттың қорытындысы бойынша 2024 жылға дзюдодан ұлттық құрама жасақталады.

Жарыс Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында 15 қарашаға дейін жалғасады.