Түлкібас ауданының тұрғыны алған дене жарақаты салдарынан есін жоғалтып, ауруханада қайтыс болды.
Полиция Түркістан облысындағы кәсіпорын жұмысшысының жарақат алу мен қаза болу себептерін анықтау үшін тергеуді бастады, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Түркістан облысы ПД баспасөз қызметінің мәліметінше, 13 қарашада Түлкібас аудандық полиция бөліміне «Sas-Tobe Technologies» ЖШС цехында өрт шыққандығы туралы хабарлама келіп түскен.
Өрт салдарынан 3 жұмысшыны түрлі дәрежедегі күйік шалған. Зардап шеккендердің бірі – Түлкібас ауданының тұрғыны. Ол алған дене жарақаты салдарынан есін жоғалтып, ауруханада қайтыс болды.
Бұл факт ҚР ҚК-нің 156-бабы 3-бөлігі «еңбекті қорғау ережелерін бұзу» фактісі бойынша тіркелген. Қылмыстық іс аясында бірқатар тиісті сараптамалар тағайындалды. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Болған оқиғаның барлық мән-жайы анықталуда. Аталған факті бойынша тергеу Түркістан облысы ПД басшылығының бақылауында, – деді Түркістан облысы ПД бастығының орынбасары Асылжан Оспанұлы.