Үкімет «Тарифке инвестиция айырбас» принципін іс-жүзіне асырғанда, халықтың қалтасының жұтаңдығы ескерілуі тиіс.
Депутат Ерлан Саиров халықтың төлем қабілеті туралы мәселе көтерді. Оның айтуынша, Қазақстан азаматтары жылына коммуналдық төлемдерге 15 миллиард теңге қарыз болып қалады екен, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы
Ол депутаттық сауалында халықтың төлем қабілеті азайып бара жатқандығына қарамастан, үкімет коммуналдық сфераның тарифтерін өсіріп отырғанын айтты.
Азаматтардың төлем қабілетінің төмендігіне байланысты, азаматтар жылына коммуналдық төлемдерге 15 миллиард теңге қарыз болып қалады. Үкімет «Тарифке инвестиция айырбас» принципін іс-жүзіне асырғанда, халықтың қалтасының жұтаңдығы ескерілуі тиіс. Тұрғын үй көмегі квартал сайын төленеді, әр кварталға орташа есеппен 20 мың теңгеден болады. Оның өзін нағыз мұқтаж адамдар ала алмайды. Өйткені бұл өтемді алу үшін өзіңнің меншік үйің немесе мемлекеттен жалға алынған үйің болуы тиіс. Ондаған құжат толтыру керек, – деді депутат.
Оның сөзінше, баспанасы жоқ, пәтер жалдап тұратын нағыз мұқтаж азаматтар мемлекет көмегінен құр қалып отыр.
Тарифтердің өсуінен қиналатын, өтемақыға ең зәру – осы кісілер. Клебанов тәрізділердің бизнесі жүрмей қалды деп, «сіңір кедейлерді» қанай беру күпіршілік болады. «AMANAT» фракциясы әлеуметтік әділеттілік принципі мемлекеттің басты миссиясы деп санайды, – деді Саиров баяндамасында.
Енді Саиров алдағы уақытта Үкімет «Тарифке инвестиция айырбас» реформасы кезінде тарифтердің қымбаттауына байланысты төлемақы сомасын арттыру, баспанасы жоқ, пәтер жағалап жүрген азаматтарды статистика мәліметтеріне енгізіп, олардың әлеуметтік жағдайына мониторинг жасайтын әдістеме енгізу керек деп есептейді.