$ 494.87  520.65  4.91

Білім саласы: Оқушылар мен студенттерге қандай жағдай жасалып жатыр

«Жас маман» жобасын іске асыру аясында 180 колледжді қайта жарақтандыру үшін республикалық бюджеттен 48 млрд теңге бөлінді.

Фото: news.arsu.kz
Фото: news.arsu.kz

Елдің келешегін ойлаған әрбір қоғам білім саласын назардан тыс қалдырмайды. Бұл саланы ілгерілету, дамыту жан-жақтылықты талап етеді. Бүгінде балабақшаға баратын бүлдіршіннен бастап, мектеп оқушылары мен студент жастардың барлық жағдайын жасау, қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін мемлекет тарапынан нақты тапсырмалар беріліп, арнайы Ұлттық жобалар қолға алынды. Skifnews.kz ақпарат порталы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы жылы берген нақты тапсырмалары мен Үкімет тарапынан олардың жүзеге асырылуын бақылауға алу жұмыстары қалай жүріп жатқаны туралы шолу материал дайындады.

Білім ордаларындағы қауіпсіздік шараларын күшейту

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Республикалық педагогтер съезіндегі баяндамасында мектеп - ең қауіпсіз жерге айналуы керек екенін айтты.

Мектеп ең қауіпсіз орынға айналуға тиіс. Мектепте балалар өздерін қай жағынан да жайлы сезінуі керек. Бөгде адамдардың мектепке кіруіне жол беруге болмайды. Сондықтан, білім ошақтарының бәріне дабыл қағу, бейнебақылау жүйесі орнатылады,- деді ҚР Президенті.

Үкіметтің мәліметінше, жаңа оқу жылында отандық мектептерде оқушы орындарының тапшылығы 270 мыңнан асады. Ең көп орын тапшылығы халқы тығыз орналасқан Түркістан және Алматы облыстарында, сондай-ақ Астана, Алматы және Шымкен қалаларында байқалады. Бұл өңірлер мен қалалар жалпы көрсеткіштен оқушы орындарының тапшылығының 60%-н құрап отыр.

Вице-премьер Тамара Дүйсенова Үкімет тарапынан білім беру, әлеуметтік қорғау сапасын арттыру және балаларды тиісті инфрақұрылыммен қамту бойынша кешенді шаралар қабылданғанын атап өткен болатын.

Бүгінде балалар елдегі халық санының үштен бірін (ҚР 6,8 млн бала мен жасөспірім) құрайды.

Балабақшалардағы орын тапшылығы мәселесін шешу үшін елімізде жыл сайын мектепке дейінгі мекемелер қатары көбейіп келеді. Сапалы орта біліммен қамту мақсатында мектеп құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Өскелең ұрпақты әлеуметтік қолдауға ерекше көңіл бөлінуде. Алайда, балалардың қауіпсіздігі мәселесі әлі де өзекті. Сондықтан бұл заң жобасы қоғам үшін өте маңызды. Құжаттың сапасы сарапшылардың ұсыныстары мен олардың бұл салада жинақталған зор тәжірибесіне байланысты, - деп атап өтті Тамара Дүйсенова.

Бала білім алатын орынның сапалы тұрғызылуы, қауіпсіз болуы аса маңызды. Елімізде заманауи стандартқа сай келмейтін білім ошақтары әлі де  бар. ҚР Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, елімізде 7687 жалпы білім беретін мектеп жұмыс істейді.  Оның 52-сі – апатты жағдайдағы мектеп. Одан бөлек 300-ден астам мектеп ағаштан және өзге де сапасыз материалдардан тұрғызылған. Бұлар енді кеңестік заманның сарқыншақтары.

Өз кезегінде Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев орта білім беру саласында инфрақұрылымды дамыту, 3 ауысымдық апатты мектептердің мәселелерін жүйелі шешу басты назарда екенін айтып, атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндаған болатын.

Биыл 1 қазанға дейін елімізде 78,5 мың орындық 77 мектеп ашылды. Осы жылдың соңына дейін түрлі қаржы көздері есебінен 137,7 мың орынға арналған 165 мектепті, оның ішінде «Білім беру инфрақұрылымын қолдау» қоры есебінен 77 мың орындық 62 мектепті пайдалануға беру жоспарлануда. Бұл өз кезегінде 12 апатты және 29 үш ауысымдық мектептің мәселесін және 113 ауылдық елді мекендердегі мектеп тапшылығын шешуге ықпал етеді, - деп мәлім етті сала басшысы.

«Жайлы мектеп» ұлттық жобасы

Мемлекет басшысы Қасым Жомарт Тоқаев оқушылардың лайықты білім алуы үшін барынша жақсы жағдай жасауды тапсырды. Алдымен, үш ауысымдық мектептер болмауы қажет. Себебі ол білім сапасына кері әсер етеді. Осы тұста «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы жүзеге асатын болады. «Жайлы мектеп» – жай мектеп емес. Аты айтып тұрғандай бала үшін жайлы жағдай жасалуы шарт. Спортзалдары үлкен, асханалары да кең, бөлек, бастауыш сынып пен жоғары орта және жоғары сынып оқушылары бөлек оқиды, оған қоса заманауи үлгіде жабдықталған сыныптарда білім алады.

«Жайлы мектеп» ұлттық жобасы шеңберінде биыл 217 мектептің құрылысын бастау көзделген.

Оқу-ағарту министрінің айтуынша, аталған жоба аясында елімізде алдағы екі жылда барлығы 740 мың орындық 369 жайлы мектеп салу жоспарланған.

Қала мен ауыл арасындағы білім беру сапасының алшақтығын қысқарту жағы да министрліктің назарында. Бұл мақсатта 1000 ауыл мектебін жаңғырту жұмыстары жүргізілуде.

Студенттердің шәкіртақысын 2025 жылға дейін 2 есе арттыру

Жыл басында Ғылым және жоғары білім министрлігінің кеңейтілген алқа отырысы өткен болатын. Жиында Саясат Нұрбек өз сөзінде министрлікті құрудың негізгі мақсаты елдегі ғылыми қызметтерді үйлестіруді күшейту, ғылыми-зерттеу ұйымдарын жаңғырту, олардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру, экономика үшін қажетті кадрларды сапалы даярлау үшін жағдай жасау, жалпы үйлестіру жұмысын күшейту екенін атап өтті.

Саясат Нұрбектің айтуынша, студенттердің шәкіртақысын 2025 жылға дейін 2 есе арттыру керек. Бұл үшін бюджетте қажетті қаржыландыру көлемін қарастыру маңызды.

Биыл колледж студенттерінің стипендиясы 50 пайызға өсті. 2025 жылға дейін стипендия тағы 2 есе өсіріледі.

Мемлекеттік тапсырысты бұдан әрі де арттыра береміз. Биыл колледж студенттерінің стипендиясы 50 пайызға өсті. 2025 жылға дейін стипендия тағы 2 есе өсіріледі. «Жас маман» жобасын іске асыру аясында 180 колледжді қайта жарақтандыру үшін республикалық бюджеттен 48 млрд теңге бөлінді, - деді Үкімет басшысы Әлихан Смайылов.

Жатақхана тапшылығы мәселесі: 60-қа жуық ЖОО 182 объектімен келісімшарт жасалды

Ғылым және жоғары білім министрінің айтуынша, жоғары оқу орындарының басшылары әкімдіктермен және бизнес өкілдерімен бірлесіп жатақханалар салу үшін инвесторларды тартуы керек.

Президенттің хаттамалық тапсырмаларын іске асыру аясында 2025 жылға дейін беделді шетелдік университеттердің кемінде 5 филиалын, оның ішінде батыста техникалық мамандықтарға бейімделген ЖОО-ның екі филиалын ашу мәселелері пысықталып жатыр.

Бүгінгі таңда еліміздегі жатақханалар саны 380 бірлікті құрайды. Ондағы төсек-орын саны – 106 203 бірлік, оның ішінде 182 нысан бойынша 24 560 төсек-орын жалға алынған.

Өңірлер бойынша Батыс Қазақстан, Павлодар, Шығыс Қазақстан, Абай, Жетісу, Ұлытау, Ақтөбе, Жамбыл, Қызылорда, Маңғыстау, Алматы облыстарында және Шымкент қаласында жатақханаға деген қажеттілік жатақхана мен хостелдерді жалға алу арқылы толық көлемде өз шешімін тауып отыр. Ақмола, Түркістан, Қостанай, Қарағанды және Атырау облыстарында жатақханаға деген қажеттілік – 695-тен 60 орынға дейін.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары