$ 498.34  519.72  4.85

Күн суытқанда балалардың иммунитетін қалай көтереміз?

Таңертең оқитын баланы түсте 1,5-2 сағаттай ұйықтатып, ал түнде міндетті түрде 22-00-де ұйқыға жатуын қадағалау керек.

Фото: Pixabay
Фото: Pixabay

Күз – денсаулыққа айтарлық көңіл бөлетін мезгіл. Әсіресе, мектепке баратын оқушылардың саулығына мұқият болу маңызды. Олар адам толы қоғамдық көлікке мінеді, 20-25 бала күн ұзақ бір сыныптан шықпайды, үзілісте жүгіреді, жүреді. Педиатр дәрігері Гүлжахан Байтөреева балалардың денсаулығын сақтап, ағзаның қорғаныш қабілетін көтеруге арналған кеңестер берді.

Күз түрлі аурудың өршитін кезеңі. Ауаның өзгеруі денсаулыққа айтарлықтай кері әсер етеді. Күздің таңы мен кеші салқын, түскі уақыты ыстық болады. Бұл кезде балалар не жұқа, не жылы киінуді білмейді де,  көп жағдайда суық тигізіп алады. Ал жалпы күзде тұмау, жедел респираторлық-вирустық инфекция, ринит, фарингит секілді аурулар белең алады. Бұл дерттің дендеуіне ауада жүрген вирус пен инфекция себеп болады. Осы кезде иммунитеті төмен кез келген бала дертке шалдығуы мүмкін. Әсіресе, тұмаудан сақ болған жөн. Дерт дендегенде қызу көтеріліп, бас ауырады. Баланың тәбеті төмендеп, тамақтан бас тартады. Ағза әлсіреп, бойдан күш кетеді. Бұл оның  жағдайын нашарлатып, басқа да аурудың қозуына ықпал етеді.

Ауырған балаға ешқашан өз бетінше үйде ем жасауға болмайды. Бірақ мұрыннан су ақса, аздап жөтеліп бастаса, тұз қосылған сумен шаюға рұқсат етіледі. Егер балада қандай да бір өзгеріс байқалса, оған жіті көңіл бөлу қажет. Мейлінше тезірек дәрігерге көрсеткен абзал. Бірқатар аналар 2-3 күннен соң бала жазылып қалды деп, емді тоқтата салады. Алайда, бұл өте үлкен қателік екенін естен шығармаған жөн. Созылмалы ауруға – бронхит, тонзиллит, пиелонефрит (бүйрек және бүйрек түбінің қабынуы), фарингит (жұтқыншақтың қабынуы), синусит, дерматит жатады. Бұл ауру күз мезгілінде қозады да, ағзаны әлсіретіп, иммундық жүйені нашарлатады. Сондықтан да осы аурудың белгілері біліне басталысымен-ақ, дәрігерге көріну қажет.   Сондай-ақ,  ем қабылдап, жемістер мен көкөністерді көбірек жеу керек.

 Кез-келген аурудың алдын алудың ең тиімді, әрі пайдалы жолы – ағзаның қорғаныш қабілетін  көтеру. Ол үшін ата-аналар баланың ішіп-жейтін тамағына мұқият болу керек. Құрамы дәруменге, минералды заттарға бай тағамдарды, жеміс-жидектер мен көкөністерді көбірек тұтынған абзал. Иммунитетті көтеретін С дәруменімен ағзаны толықтыру қажет. Ол үшін цитрусты жемістерді, қарақат пен итмұрынды үзбей пайдаланып, фастфуд, майлы, қуырылған, тұздалған тағамдарды мейлінше шектеген абзал.

Ауа райының қолайсыздығына қарамай баланы таза ауаға шыққан жөн. 5-10 минуттың өзі бала ағзасына керемет пайдасын тигізеді. Салауатты өмір салтын ұстанып, спортпен айналысқан дұрыс. Денесі шыныққан балаға ауру жақындай қоймайды. Балаңың жүгіріп ойнағанына, доп тепкеніне, достарымен күресіп алысқанына шектеу қоймау қажет. Қозғалған баланың дені сау әрі шымыр болатынын ескеріп, сыртқа шығатын кезде тым қалың киім кигізбеу керек. Өйткені балалар жүгіріп ойнайды. Дене қызған кезде тер бөлінеді. Егер тер қатып, дене мұздаса, түрлі дерттің содан туындайтынын ұматпау – маңызды.  Гигиена сақтау - бұл денсаулық үшін өтеқажет. Міндетті түрде балаңың бөлмесін желдетіп, сулы сүлгімен еденді, жиһаздарды, шкаф сөрелерін сүртіп, сырттан келген соң қолын, аузын, бетін сабынмен тазалап отыруды әдетке айналдыруы тиіс. Өйткені кез келген ауру қол арқылы жұғады. Ұйқыны реттеу қажет, өйткен ол да көптеген дерттің емі болып табылады. Баланы ешқашан зорықтыруға болмайды. Мәселен, таңертең оқитын баланы түсте 1,5-2 сағаттай ұйықтатып, ал түнде міндетті түрде 22-00-де ұйқыға жатуын қадағалау керек.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары