Билет 40-45 күн бұрын сатылымға шығады.
«Қазақстан Темір Жолы» АҚ басшысы Нұрлан Сауранбаев жаңа жыл мерекесінде Алматы мен Астанаға қосымша пойыздар жүретінін айтты, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
ҚТЖ басшысының айтуынша, билет 40-45 күн бұрын сатылымға шығады.
Алматы мен Астанаға билет қалған жоқ. Яғни, сатылым 45 күн бұрын ашылады. Сапарды алдын-ала жоспарлағандар өз билеттерін 40-45 күнде сатып алды. Қазір бұл жағдайды көріп, біз Алматы-Астана бағыты бойынша қосымша пойыздарды қосуды ұйғардық, - деп түсіндірді ҚТЖ басшысы Нұрлан Сауранбаев.
Нұрлан Сауранбаевтың сөзін Көлік министрі Марат Қарабаев та қостап, билет тапшылығы туралы айтты.
Жылда оқу жылы басталғанда немесе аяқталғанда, жаңа жыл мерекесінде белсенділік күшейеді. Жыл сайын инфрақұрылымдық мүмкіндіктерге қарай, қосымша вагондар бөлінеді. Біз қосымша локомотив қоя алмаймыз. Қолда бардың бәрі — вагон кешені мен локомотивтер халықтың қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін тартылатын болады. Біздің авиакомпаниялар да күшейтілген жұмыс режиміне көшеді. Бұл сөзсіз. Кеше ғана, мысалы, Астана-Петропавл және басқа да бағыттар талқыланды. Жалпы еліміз бойынша 2068 вагон тартылып, әрбір бағыт бойынша БАҚ-қа қосымша хабарлап отырамыз, - деп толықтырды Марат Қарабаев.