21.11.2023, 18:20

СҚО-да 55 елді мекен төрт күн бойы жарықсыз отыр

Фото: Pixabay

Энергетиктер 22 қараша сағат 15.00-ге дейін қалған ауылдарға жарық беруді жоспарлап отыр.

Солтүстік Қазақстан облысында боранның салдарынан электр қуатынсыз қалған елді мекендердің саны 183-тен 55-ке дейін қысқарды. Энергетиктер 22 қараша сағат 15.00-ге дейін қалған ауылдарға жарық беруді жоспарлап отыр, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

СҚО Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Владислав Лукиннің мәліметіне сүйенсек, 18 қараша күні облыста 183 елді мекен жарықсыз қалды. Әсіресе Мағжан Жұмабаев ауданында жағдай нашар болды. Магистралды желінің тіреуіші құлады. Бұл аудан электр қуатынан толық ажыратылды.

Электр желілері «Севказэнерго» АҚ меншігі, компанияның көмегімен елді мекендерге электр қуаты беріліп жатыр. 46 бригада құрылған болатын. 183 техника жұмылдырылды. Қазіргі уақытта 7 ауданның 55 елді мекенінде жарық жоқ. Олар – М.Жұмабаев, Аққайың, Тимирязев, Есіл, Шал ақын, Қызылжар және Тайынша аудандары. Энергетиктердің хабарлауынша, ертең күндізгі сағат 15.00-ге дейін барлық елді мекендер электр қуатына қосылады, – дейді Владислав Лукин.

Мәселе туындасымен-ақ облыстық әкімдік басшылығының қатысуымен штаб құрылып, жұмыс жоспары жасалды.

Біз әлеуметтік нысандарда жылыту жүйесінің қатып қалмауын негізгі міндет етіп алдық. Олар бірден резервті қуат көзіне қосылды. Яғни орталық қазандықпен жылытылатын мектептердің, емдеу мекемелері мен тұрғын үйлердің жылыту жүйесі қатқан жоқ.

Өңірді сумен қамтып отырған «Есіл су» филиалы да күшейтілген тәртіпте жұмыс істеп жатыр. Су тәулік бойы болмаса да, күніне бірер сағатқа берілуде, – дейді Владислав Лукин.

Маманның айтуынша, басты қиындық – электр желісіндегі апат орнын табуда. Табылған жағдайда бригада тәулік бойы жұмыс істей алады. Ал техника қауіпсіздігі талабына сай, олар апат орнын белгілі бір кешкі уақытқа дейін ғана іздей алады, одан кейін қауіпті, мамандар жұмысты тоқтатуы тиіс. Яғни үзілген, істен шыққан электр желілерін анықтау ұзақ уақытты алып жатыр.

Жалпы өңірде электр жабдықтары ескірген, бұл облыс әкімінің бақылауында. «Севказэнерго» АҚ бірге жылу, электрмен жабдықтауда қауіпті аумақтар анықталды. Компаниямен бірге бұл учаскелерді жаңғыртатын боламыз. Мемлекеттік бағдарламалардың аясында қалпына келтіреміз, бір бөлігін «Севказэнерго» жөнге келтіреді. Қазіргі уақытта электр желілерінің 95% тозығы жеткен, – дейді Владислав Лукин.