23.11.2023, 15:40

Екібастұздағы жылу желілерінің жарылуына жауапты басшыларға сот үкімі шықты

Фото: Pixabay

Сотталғандар коммерциялық ұйымдарда 3 жыл мерзімге басшылық лауазымдарды атқару құқығынан айырылды.

23 қарашада Павлодар облысы Екібастұз қалалық соты «Екібастұзжылуэнерго» ЖШС бас директоры М.-ға, «Екібастұз жылу электр орталығының» директоры В.-ға және «Екібастұз жылу желілері» директоры Г.-ға қатысты ауыр зардаптарға әкеп соққан, қызметтеріне адал қарамау салдарынан өз міндеттерін тиісінше орындамау фактісі бойынша қылмыстық істі қарады, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы. 

М., В. және Г. Екібастұз қаласының коммерциялық ұйымдарын басқара отырып, 2022-2023 жылдарға жылу беру кезеңіне дайындық жұмыстарының толықтығын қамтамасыз ету бойынша тиісті шаралар қабылдамаған.

Сотталушылардың абайсыз кінәсі бойынша өз міндеттеріне адал қарамау нәтижесінде 2022 жылғы 27 қарашада Екібастұз қаласында „Екібастұзжылуэнерго“ ЖШС жылу желілерінде апат орын алды, бұл ауыр зардаптарға және қалада төтенше жағдай режимін енгізуге әкеп соқтырды.

Сотталушылардың кінәсі жауап алынған куәлердің айғақтарымен, сот сараптамаларының қорытындыларымен және бас сот талқылауы барысында зерттелген өзге де дәлелдемелер жиынтығымен дәлелденді, - деп жазды ведомстводан.

Сот бұл онша ауыр емес қылмыстар санатына жататынын және оны жасағаны үшін заңда 5 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу немесе бас бостандығынан айыру түріндегі жаза көзделгенін еске салды.

Бұл ретте ауырлататын мән-жайлардың болмауына және жеңілдететін мән-жайлардың болуына байланысты жаза мөлшері көрсетілген мерзімнің жартысынан, яғни 2 жыл 6 айдан аспауға тиіс. Сотталушылардың жеке басы мен отбасылық жағдайын, олардың ауыр зардаптардың туындауына абайсыз кінәсін ескере отырып, сот оларға пробациялық бақылау белгілеп, мәжбүрлі еңбекке тарта отырып, әрқайсысына 2 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан шектеу түріндегі жазаны тағайындады, - делінген хабарламада.

Сондай-ақ сотталғандар коммерциялық ұйымдарда 3 жыл мерзімге басшылық лауазымдарды атқару құқығынан айырылды.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.