Арыздағы көптеген жайларды білім басқармасының анықтауына мүмкін болмады.
Ақтөбе қаласындағы дау шыққан жеке балабақша жабылды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Балабақшаның қызметі ата-аналардың құқық қорғау органдары мен білім саласына жауапты мекемелерге жазған арызынан соң тоқтатылды. Ақтөбе қаласындағы «Амир» балабақшасын қалалық білім бөлімі жанынан құрылған арнайы комиссия тексерген. Тексеріс қорытындысы бойынша мемлекеттік тапсырысты тоқтатуға шешім қабылдады.
Құрылтайшы бүгіннен бастап балабақша өз қызметін тоқтататынын хабарлады. Осы балабақшаға мемлекеттік тапсырыспен барып жүрген балаларды ата-аналардың келісімімен басқа балабақшаға орналастыру жоспарланып отыр. Ал балабақшаны жабу құрылтайшының өз шешімі. Ата-аналар бірнеше құқықбұзушылық бар деп арыз түсіргені белгілі. Арыздағы көптеген жайларды білім басқармасының анықтауына мүмкін болмады. Себебі балабақшадағы бейнекамера түсірілімін құқыққорғаушылар алған. Қазір зерделеніп жатыр. Қалалық прокуратура, облыстық Полиция департаменті, облыстық Санитариялық-эпидемиологиялық департаменті де тексеріп жатыр. Қорытындысы әзірге белгісіз, – деді облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Нұргүл Бертілеуова.
Бұған дейін ата-аналар Ақтөбедегі мемлекеттік-жекешелік серіктестік шартымен жұмыс істейтін «Амир» жеке балабақшаның үстінен шағым түсірген. Олар балалары еденде ұйықтайтынын, мекемеде жарақат алатынын, нысанда санитариялық талап сақталмағанын айтып, полицияға, прокуратураға, облыстық Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментіне арызданған.