$ 494.87  520.65  4.91

Бүгін - Міржақып Дулатұлының туған күні

А. Байтұрсыновпен бірге қыр өлкесінің ағартушылық-демократиялық бағыттағы тұңғыш бейресми басылымы «Қазақ» газетінің негізін қалайды.

Фоото: qazaqstan.tv
Фоото: qazaqstan.tv

Осыдан 138 жыл бұрын (1885-1935) қазақ ақыны, жазушы, ағартушы-педагог, Алаш орда үкіметінің белді басшыларының бірі Міржақып ДУЛАТҰЛЫ дүниеге келді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Қостанай облысының Жангелдин ауданында туған. Екі жасында шешеден, он екі жасында әкеден жетім қалған жасөспірімнің кейінгі тәрбие қамқорлығы Асқар дейтін оқыған ағасының жауапкершілігінде болды.

Торғай қаласындағы екі сыныптық орыс-қазақ мектебіне түседі де, бес жыл оқып, ауыл мұғалімі деген куәлік алып шығады. Алты-жеті жыл бойы ел ішінде, ауыл мектептерінде бала оқытады. 1904 жылы Омбы қаласына аттанып, өзінің болашақ ұстазы Ахмет Байтұрсыновпен кездеседі. Оған еріп Қарқаралыға барып, ондағы ұлттық демократиялық қозғалысқа белсене араласады. Сол жердегі зиялы топтың өкілі ретінде қазақ конституциялық демократиялық партиясының Оралдағы съезіне қатысады, соның делегаттары қатарында 1906 жылы Петерборға барады.

1907 жылы Петерборда жалғыз нөмірі ғана шыққан «Серке» газетінде «Жастарға» деген өлеңі басылды. Тұңғыш өлеңдер жинағы 1909 жылы Қазан қаласында «Оян, қазақ!» деген атпен басылып шығады. Қызылжарда сот кеңесінде тілмаштық қызмет атқарып, мұғалімдік қызметін де жалғастырады. Қазақ балаларына орыс тілінен дәріс береді. Сол кезде одан біраз уақыт Мағжан да дәріс алады.

1910 жылы Қазандағы Кәрімовтер баспасынан «Бақытсыз Жамал» романы жарық көреді. А. Байтұрсыновпен бірге қыр өлкесінің ағартушылық-демократиялық бағыттағы тұңғыш бейресми басылымы «Қазақ» газетінің негізін қалайды.

Алаш басшыларымен бірге жаңа құрылыс жағына шығып, қалған өмірін түгелдей туған халқының мәдениетін көркейту мақсатына арнауды көздеген ол аз уақыт «Ақ жол» газетінің редакциясында, одан кейін Семей облысының сот органдарында қызмет атқарған.

«Балқия» атты төрт перделі пьеса жазды. 1924 жылы Орынборда екі жылдық «Қирағат кітабы» (хрестоматиялық оқулық), Қызылордада «Есеп құралының» жаңа басылымы жарық көрді. Кеңес үкіметі кезінде екі рет қуғын сүргінге ұшырап, тұтқындалған. 1935 жылы ауыр науқастан қайтыс болған. 1988 жылы ақталған.

Міржақып Дулатұлының атында көшелер, мектептер, туған жерінде мұражай бар және ескерткіш орнатылған.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары