Аузым күйді, салмақ тастадым, сақал ағарып жатыр, уайымнан ғой бәрі. Екі қабатты, Әзірет Сұлтанның маңында үйім болатын. Соны 80 миллионға сатып, қарыздарыма бердім.
Айтыскер ақын Балғынбек Имаш әлеуметтік желіде жарнама жасаған "Аманат хоум" кооперативіне алданған халықтың ақшасын өз қалтасынан қайтаруда. Бұл туралы ол "Talk Like" You Tube бағдарламасына берген сұхбатында айтты, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Ең бірінші Аманат драйв пен Аманат хоум бір болатын. Көңілбай Шүкенов деген жігітті мен осы кооперативті ашпай тұрғанда қайырымдылық істері арқылы танитынмын. Астана қаласында бір қайырымдылық шарасына қатысқанымда қазағым деп жанып тұрған, астындағы көлігін сатып үй салып берген жігіт екен. Кейін араласпай кеттік. Бір күні мені тойға шақырып жүретін қыздың сторисінен пайызсыз баспана, пайызсыз көлік деген жарнаманы көріп қаламын. Бұл қай жерде деп сұрадым. Мені Аманат хоумға шақырды. Барып, консультация тыңдадым. Жоба ұнады, халықты пайызға кіргізбей, банкке құл қылмай, 30%-ын салып, қалған 70%-ын ұзақ мерзімге бөліп төлеуге береді, үстіне пайыз қоспайды. Нағыз қазаққа керек жоба деп ойладым, машинаны да солай алуға болатын болды. Сол күні тыңдап алған ақпаратпен әлеуметтік желіде жарнама жасадым. Кейін Көңілбаймен тікелей эфирге шықтық. Өзім де алғашқы жарнасын төлеп, әйеліме машина алуға тіркеліп қойдым. Қашан аламын дегенімде 3-4 айдан кейін деді. Кейін қаңтар-ақпан айларында дау шықты. Мекеме бір-бірімен құжат бойынша дауласты. Қыздар мені аға, осындай болып жатыр, 1 млрдтай ақша Көңілбайға кетті, ешқандай есеп бермейді деп маған жамандады. Содан соң мен арнайы Алматыға ұшып бардым. Олар маған құжат бойынша бәрін дәлелдеп берді. Маған комиссияға кіріңіз деп айтты. Мен маған ақпарат жинауға, зерттеуге уақыт беріңдер дедім. Сол аралықта ақпарат жинап жүргенде имамдармен сөйлестім. Сол кезде Көңілбаймен араласқан адамдар тарапынан ол туралы жақсы пікірлер болмады. Кейін мен ешқандай процентте жоқпын, бірақ сендер үшін халыққа шығайын деп, халыққа түсіндірдік. Сол уақытта біраз адам мен шығамын, ақшамды қайтарыңдар деп жатыр екен. Сосын мен бізге сеніп келген адамдар бар ғой деп, тыныш отырыңдар, Аманат хоумнан Аманат драйвқа көшіп жүрмеңдер, созылып кетеді деп екі ортаға кірдім. "Ерлі-зайыптының ортасына есі кеткен түседі", деп мен осы жерде есі кеткен адам болдым, екеуінің арасына кірдім. Аналардың сөзін сөйлеп, елді аралап, халыққа түсіндірдік. Оларға халыққа жауап беріңдер, түсіндіріңдер деп айттым. Мақұл істейміз деп уәде бергеннен кейін мен олардың сөзін сөйледім. Бірақ, кейін ешқандай уәделерін орындамады. Кейін салымшылар маған шығады, түнімен отырып жауап бердім. Уақытым, энергиям кетті. Сосын оларға сендер берген уәделеріңді орындаған жоқсыңдар, мен сендермен ат құйрығын кесісемін деп бүкіл әлеуметтік желідегі жарнамаларды алып тастадым. Егер кімде-кім Балғынбек, саған сеніп ақша салдым ғой десе солардың ақшасын өз қалтамнан үйімді сатсам да қайтарамын дедім, - дейді ол.
Айтыскер ақын, өз айыбын мойындап, халықтан кешірім де сұрады.
Көрермендердің алдында өзімнің айыбымды мойындаймын. Ниетім шынымен халық пайызсыз баспана алса екен деген ғана ойым болды. Қателестік, айыбымыз болса, мойнымызбен көтереміз. Аузым күйді, салмақ тастадым, сақал ағарып жатыр, уайымнан ғой бәрі. Мен қазір үйімді де, көлігімді де сатып жібердім, квартирада жүрмін. Жиырма шақты адамның ақшасын қайтардым. Екі қабатты, Әзірет Сұлтанның маңында үйім болатын. Соны 80 миллионға сатып, қарыздарыма бердім, - дейді ол.