28.11.2023, 10:20

Әмеңгерлік жолмен бас қосқан жұп жұбайлық өмірі туралы айтып берді

Фото: massaget.kz

Жеңіс пен Сандуғаштың отау құрғанына 7 жыл болған.

"Қыздар-ай" бағдарламасында әмеңгерлік жолмен бас қосқан жұп жұбайлық өмірі туралы айтып берді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Түркістан облысы Бәйдібек ауданының тұрғыны Сандуғаш Садық күйеуі қайтыс болған соң, қайын ағасы Жеңіс Сейдехановпен бас қосқан. 

Қайын ағасының айтуынша, інісінен қалған екі баланың тағдыры үшін мұндай ұсынысты өзі айтқан. 

Марқұм інімнен екі бала қалған болатын. Сол кісіні өзімнің анам қатты уайымдады. Екі бала туралы көп айтқаннан кейін әмеңгерлік тарихымызда, қанымызда бар дүние екенін білетінмін. Сол себепті анама әмеңгерлікпен қосылайын дедім. Былай айтқанда өзім ұсындым, - дейді Жеңіс Сейдеханов. 

Ал келіні Сандуғаш Садықты бұл ұсынысқа анасы көндірген. 

Марқұм әкем де қарсы болған. Кейін анам үгіттеп, ақылын айтып, содан кейін ғана рұқсатымды беріп, қосылған болатынбыз, - дейді Сандуғаш. 

Жеңіс пен Сандуғаштың отау құрғанына 7 жыл болған. Бүгінде олар бес бала тәрбиелеп отыр. Марқұм інісінің артынан бір қыз, бір ұл қалса, артынша екі ұл, бір қыз өмірге келген. 

Інім марқұм менен бұрын үйленді, 2016 жылға дейін бірге тұрды. Інім Астанадан көлік алып келді. Ауылда бір жұма айдады. Сосын жол апатына ұшырап, дүниеден озды. Әйелі қырқына дейін үйде болып, қырқынан кейін өзінің төркініне кетті. Інімнің 100 күндік асын өткізгеннен кейін анам екі немересін қатты сағынды. Сосын анама ұсыныс жасадым, салт-дәстүрімізде әмеңгерлік деген бар емес пе. Әммеңгерлікпен келініңізге қосылайын дедім. Маған сезімнен бұрын екі бауырым қатты ыстық болды. Екі бауырымды жәутеңдеткім келмеді. Сол кезде жүріп жүрген қызым болды. Оған түсіндірдім.

Мен қайын ағасы, ол келін болып, маған тұрмысқа шыққанша көзіме тіке қарамаған, - дейді Жеңіс.