қытайлық тарапқа қолайлы аймақтардан ет экспортын бастау ұсынылды.
ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров Қытай Халық Республикасы Бас кеден басқармасының төрағасы Юй Цзяньхуа мырзамен кездесті, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Кездесуде Қазақстан мен Қытай арасындағы ауыл шаруашылығы өнімдерінің тауар айналымын арттыру мәселелері талқыланды. Айдарбек Сапаровтың айтуынша, екі мемлекет сауда ынтымақтастығын дамытудың, әсіресе, ауыл шаруашылығы саудасының зор әлеуетіне ие.
ҚР Ауыл шаруашылығы министрі сондай-ақ мұздатылған ет, құс шаруашылығы өнімдері мен малға, майлы және дәнді дақылдарға қосымша Қытайға салқындатылған сиыр еті мен шошқа етін жеткізуде республиканың мүмкіндігі мол екенін айтты. Бұл екі ел арасындағы тауар айналымы көлемінің едәуір ұлғаюына ықпал етеді. Бұл үшін Ауыл шаруашылығы министрлігі жануарлар мен құстардың аса қауіпті ауруларын болдырмау мақсатындағы жұмыстарды ел аумағында белсенді түрде жалғастыруда. Сондықтан қытайлық тарапқа қолайлы аймақтардан ет экспортын бастау ұсынылды, – делінген министрліктің хабарламасында.
Юй Цзяньхуа мырза Айдарбек Сапаровқа тәуекелдерді бағалаудың және қазақстандық сиыр етін, шошқа еті мен құс етін жеткізуді қайта бастау үшін шектеулерді алып тастаудың соңғы кезеңі жөнінде айтты. ҚХР Бас кеден басқармасы мамандарының Қазақстанға сапары биылғы желтоқсан айына жоспарланған.
Қазақстанның ветеринарлық қызметті бағалау қорытындысы бойынша қытай тарапы қолданыстағы шектеулерді алып тастау мүмкіндігін қарастырып, Қытайға мал шаруашылығы өнімдерін экспорттауды қайта бастауға дайын. Бұдан бөлек ынтымақтастықты одан әрі дамыту үшін Юй Цзяньхуа Айдарбек Сапаровты Қытайға шақырды.
Айта кетейік, 27-қарашада Қазақстан-Қытай ынтымақтастық комитетінің отырысы аясында ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі мен ҚХР Бас кеден басқармасы Қазақстаннан Қытайға сүйекті дақылдардың (шабдалы және өрік) экспорттық партияларына қойылатын фитосанитарлық талаптар жөніндегі хаттамаға қол қойды.
Естеріңізге сала кетейік, 2023 жылдың 10 айында ҚР мен ҚХР арасындағы АӨК саласындағы өзара сауда көлемі 70%-ға өсіп, 1 млрд доллардан асты. Экспорт 811,1 млн долларды, импорт - 197,4 млн долларды құрады.