$ 495.2  522.34  4.94

Еркін күрестен тұңғыш әлем чемпионы Ризабек Айтмұхан олимпиадалық салмаққа ауысты

Биыл отандық еркін күрес шеберлері Азия чемпионаты, әлем біріншілігі мен Азия ойындары сынды ірі бәсекелерде бақ сынаған болатын. 

Фото: ҚР Ұлттық олимпиадалық комитеті
Фото: ҚР Ұлттық олимпиадалық комитеті

Еркін күрестен Қазақстан командасының бас бапкері Мадияр Құрамысов балуандардың биылғы маусымдағы көрсеткішін қорытындылап, құрамадағы өзгерістер туралы айтты, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпараттық порталы Ұлттық олимпиадалық комитеттің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Биыл отандық еркін күрес шеберлері Азия чемпионаты, әлем біріншілігі мен Азия ойындары сынды ірі бәсекелерде бақ сынаған болатын. 

Әлем чемпионатынан бір алтын, бір қоламен оралдық. Ризабек Айтмұханның араға жылдар салып тарихты жаңартқанын білесіздер. Азамат Дәулетбеков қола медальмен бірге, Олимпиада ойындарының лицензиясын жеңіп алды. Бізге әлі де жолдама керек. Жылдың соңғы жаттығу жиынын балуандар тауда өткізеді. 18 күн бойы тауда жаттығамыз. Жаңа жылда жаңа жарыстар күтіп тұр, - деді бас бапкер.

Мадияр Құрамысовтың айтуынша, алдағы маусым өте жауапты болмақ. 

Сәуір айында Бішкекте Азия аймақтық лицензиялық турнирі өтеді. Сол бәсекеде тағы да екі жолдама жеңіп алуды мақсат етіп отырмыз. Біздің балуандар үшін 57 және 65 келіде лицензия алу қиын болмақ. Себебі, бұл салмақтағы бәсекелестік әлем бойынша өте жоғары. Аталған турнирге үлкен дайындықпен баруды жоспарлаудамыз. Одан бөлек, рейтингілік турнирлер мен Қазақстан чемпионаты да бар, - деді Құрамысов. 

Қаңтар айында Астанада өтетін Қазақстан біріншілігінде лицензиялық турнирге қатысатын балуандар белгілі болады. Сол сында әлем чемпионы Ризабек Айтмұханның да жаңа салмақтағы әуселесі анықталады. 

Ризабек олимпиадалық салмақ саналатын 97 келіге ауысты. Қазіргі таңда Азамат Дәулетбековпен бірге Осетияда жаттығып жатыр. Бұл салмақта Әлішер Ерғали сынды балуанымыз барын да білесіздер. Кім мықты екені ұлттық чемпионатта шешіледі. Сол бәсекеде кім жеңсе, лицензияға сол таласады, - деп қорытындылады сөзін бас бапкер. 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары