$ 441.58  480  4.86

«Мұзда балық аулаймын деп бармақ тістеп қалмаңыз»: ТЖМ қазақстандықтарға ескерту жасады

Оқыс оқиға болса қалса, бірден «112» телефоны бойынша көмекке жүгіну қажет.

 

Фото: ТЖМ
Фото: ТЖМ

Мұз үстінде балық аулаймын деп бармақ тістеп қалмаңыз. «Боранды күні ит пен бала құтырады» демекші, қыс түсе көл жағалап, мұз үстіне жайғаса кетіп, балық аулайтындар жаңбырдан соңғы саңыраулайтай қаптап кететіні бар. Әлбетте, қыста балық аулаудың өз қызығы бар. Алайда оның салдары мен қаупі барын ұмытпаған жөн. Себебі жылтыраған мұз қалың болып көрінгенімен, бәрі басқаша болып шығуы әбден мүмкін. Сондықтан ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі қазақстандықтарға үндеу тастады, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Бір сәт мұзға көз жүгіртсеңіз, қатты әрі адам салмағын көтере алатындай мықты болып көріне береді. Дегенмен, берік боп көрінген мұздың өзі адамды ажал апанына көзді ашып-жұмғанша апарып тастауы мүмкін.

Өткен күзгі-қысқы кезеңде еліміздің су айдындарында көлікпен мұз үстіне шығуға тырысқан кезде 12 адам мұз астына түсіп, оның 3-еуі қайтыс болды. Күзгі-қысқы кезеңде су айдындарында адамдардың қайтыс болуына жол бермеу мақсатында ТЖМ қызметкерлері 400-ден астам профилактикалық қауіпсіздік акциясын өткізді, 1800-ден астам «Абайлаңыз, жұқа мұз» ескерту белгісін орнатты. Оқыс оқиға бола қасла, бірден «112» телефоны бойынша көмекке жүгіну қажет, – делінген министрліктің хабарламасында.

Бұл ретте, Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрлігі қазақстандықтарға мұз үстінде балық аулау, және мұзды аяқпен теуіп тексеру өміріңізге аса қауіпті екенін ескертеді.

Құтқарушы мамандардың айтуынша, бір жаяу жүргіншінің өтуі үшін қауіпсіз мұздың-қалыңдығы кемінде 10 см болуы тиіс. Балаларға мұз үстімен өтудің қауіпті екенін жақсылап түсіндіру қажет. Мұзға шықпас бұрын оның беріктігіне көз жеткізген дұрыс. Ешқашан мұздың беріктігін аяқпен теуіп тексермеу керек. Ал жабдықталған өткелдерден басқа жерде көлік құралдарымен мұз үстіне шығуға тыйым салынады.

ТЖМ мамандарының ескертуінше, мұз әлсіздігін білудің бірнеше белгісі бар. Мәселен, мұздың бетінде жарықтар пайда болғанда,  судың мұз бетіне шығуы орын алған жағдайда үрейленудің қажеті жоқ. Мұндай жағдайда шапшаң қимыл-қозғалыс жасамай, аяғыңызды кең жайып дереу жағаға оралу қажет. Айналаның көрінуі нашарлаған болса, мысалы, қар жауып, тұман түссе немесе түн қараңғысында мұз үстіне шықпаңыз. ТЖМ ескертуіне сүйенсек, су айдындардағы мұз адамның салмағын көтере алатындай, әлі қатқан жоқ. Cол себепті жұқа мұз адам өміріне өте қауіпті. Бұған бір мысал, 2023 жылғы 27 қарашада Астана қаласында Ақбұлақ өзенінің рұқсат етілмеген жерінде қатпаған мұздың үстіне шыққан 2006 жылы туған жеткіншек мұз астына кетті. Оны оқиға куәгері құтқарды. Ол ауруханаға жатқызылды.

Сонымен қатар Төтенше жағдай министрлігі «Ашық үкімет» порталында 2023 жылғы 27 қараша және 18 желтоқсан аралығында «Халықтың қыс мезгіліндегі қауіпсіздігі туралы қоғамдық пікір» тақырыбында сауалнама жүргізіп жатыр. Көпшіліктің назарына ұсынылған сауалнамада тест түрінде орналастырылған. Онда «Мұз үстіне қандай уақытта шығуға болады?», Түнде және көрінуі нашар болғанда (тұман, қар, жаңбыр) мұзға шығуға бола ма, әлде болмай ма?», «Егер мұз астына түсіп кетсеңіз, не істеу керек?», «Дауылды ескерту және жолдардың жабылуы туралы ақпаратты қай жерден оқуға болады?» деген секілді сұрақтар қойылған.

Сауалнаманың аяқталуына небәрі 18 күн қалды. Төтенше жағдайлар министрлігінің сауалнамасына жауап беруі үшін мына сілтемеге өтуге болады: https://dialog.egov.kz/surveycontroller/index#/view?id=4699.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары