$ 494.87  520.65  4.91

«Бейбіт күннің батырлары». Құтқарушылар еңбегінің жемісі мен жеңісі II

Халқымыздың амандығын және қауіпсіздігін сақтау – басты міндет әрі қастерлі парыз.

Фото: ТЖМ
Фото: ТЖМ

Облыс пен үлкен қалаларда қызмет ететін құтқарушылардан бөлек өңірлерде де адал еңбек етіп, көзге түсіп жүргендер жетерлік. Ефрейтор Серікқазы Елдар Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Ұзынағаш ауылының Бауыржан Момышұлы атындағы әскери бөлімінде аға сүңгуір ретінде қызмет атқарады. Жұмысқа кіріскеніне екі жыл енді болса да Серікқазы Елдар бірнеше ірі әрі резонанс тудырған апат кезінде жұмыс істеп үлгерген. Осы жылдың маусым айында Абай облысында болған алапат өртті сөндіруге айтарлықтай өз үлесін қосқан.

Төтенше жағдай туындай қалған кезде тосылып қалатындар көп. Құтқарушылар қызметінің ерекшелігі де сол: қандай жағдай болмасын салқынқандылық танытып, өз жұмысын тоқтатпау. 2011 жылдан бері Атырау облысы ТЖД Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі №13 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінде қызмет атқарып келе жатқан Ерлан Дәулетов жоғарыда атап өткен тиянақты жұмыс істеудің үлгісін көрсетіп жүр. Өткен жылдың қысында «Нұрсая» шағын ауданына қарасты пәтерлердің бірінен өрт шыққан. Бөлімше командирі Ерлан Дәулетовтың бұйрығымен тыныс алу аппаратын киген бөлімше құтқарушылары тұрғындарды таза ауаға шығарып, эвакуациялаған. Тұрғын үй жана бастағанда он ересек адам мен тоғыз бала өз беттерімен қауіпсіз жерге шыға алмаған.

Жеке құрамның жедел әрекеті арқасында тұрғын үйдің ғимаратынан  9 бүлдіршін өмірі құтқарылды. Сонымен қатар газ түтіннен қорғау қызметінің буын құрамында көршілес тұрған тұрғын үйге өрттің таралуына жол бермей, «Өрт сөндіруді ұйымдастыру қағидаларының» талаптарына сәйкес іс-қимыл атқарған, - деп мәлімдейді ТЖМ баспасөз қызметі.

Өз жұмысының нағыз шебері деп Абай облысы ТЖД Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің № 5 өрт сөндіру бөлімінің өрт сөндіруші-құтқарушысы – Қуаныш Сайдиевті де айтуға болады. Мәселен, мамыр айында Семей қаласындағы көпқабатты тұрғын үйден шыққан өрт кезінде Қуаныш төрт адамды құтқарып қалды, оның үшеуі бала. Қуаныш Сайдиевтің сауатты әрі нақты жүргізген жұмысының арқасында адам шығыны болған және басқа тұрғындардың материалдық заттарына да зиян тиген жоқ. Алты жылдық тәжірибе өз жемісін осылай берді.

Құтқару жұмыстары барысында төрт аяқты құтқарушы болып саналатын иттердің алатын орны ерекше. Олардың сезімталдығының арқасында нәтижелі жұмыстар жүргізуге болады. Бірақ иттердің қабілетін шыңдап отырмаса болмайды. Мұндай кезде көмекке кинолог мамандар келеді. Қанат Жұқашев – Ақмола облысы ТЖД кинологиялық бөлімшенің бас құтқарушы-кинологы. Бұл салада жеті жылдан бері қызмет атқаратын Қанат Жұқашев бүгінде 2-санаттағы құтқарушы атағына ие. Сондай-ақ Халықаралық Азаматтық қорғаныс ұйымының Орталық Азия елдері төтенше ведомстволарының кинологиялық қызметтерінің халықаралық үлгісіндегі сертификаты бар. Өзіне тапсырылған міндетін асқан жауапкершілікпен орындайтын Қанаттың төтенше жағдай кезінде сауатты атқарған істерінің саны көп. Құтқару жұмыстарын жүргізу кезінде ол қиын жағдайға тап болған жиырмаға жуық адамға қол ұшын созған.  

Құтқару қызметі от пен судан ғана тұрмайды. Адамдар күн сайын түрлі оқиғаларға тап болады. Мәселен, Алматы қаласының Республикалық жедел құтқару жасағының бас құтқарушысы Ысқақов Тахиржан табиғат тосын мінез танытқанда тауда қалған, орманда адасқан, тереңдігін есептемей шыққан шектелдіктерді іздеумен айналысады. Тахиржан Ысқақов қызметте жүріп Балқаш көлінің су айдынында қалып кеткен алты адамды аман алып қалған.

Бұрынғының батырлары майданда сыналса, бүгінгі күннің батырлары төтенше жағдай туындағанда сыналады. Төтеншеліктер өз міндеттерін абыройлы әрі нәтижелі атқарып келеді. Құтқарушылардың арқасында осыған дейін қаншама адам өмірі құтқарылды, әлі де құтқарыла бермек. От пен судың ортасында жүрген ерлеріміздің еңбегі ескеріліп, ерліктері дәріптелген жөн. Себебі, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтпақшы – халқымыздың амандығы мен қауіпсіздігі қашан да бірінші орында.

Халқымыздың амандығын және қауіпсіздігін сақтау – басты міндет әрі қастерлі парыз. Бұл – ең алдымен, құтқарушы мамандарға жүктелетін зор сенім, үлкен жауапкершілік. Құтқару қызметі – өте маңызды сала.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары