$ 494.87  520.65  4.91

Өрт сөндірушілер еңбегінің нәтижесі – талай адамның аман қалуы

Маңызды ескерту: өрт кезінде лифт қолдануға тыйым салынады, баспалдақ арқылы өту керек.

 

Фото: ТЖМ
Фото: ТЖМ

«Пәлен жерде өрт шықты, адамдарға қауіп төнді» деген хабарды ести сала, апат аймағына жетіп баратын өрт сөндірушілердің кәсіби біліктілігінің арқасында талай адам тірі қалды. Осы орайда, Skifnews.kz ақпарат порталы қарашада еліміздің бірнеше өңірінде болған өрт кезінде азаматтарды құтқарған өрт сөндірушілердің еңбегі, жетістіктері туралы қызықты мәлімет әзірледі.

Апат айтып келсін бе!? Биыл 17 қарашада сағат 15:56-да Талдықорған қаласының Өтенай ауылындағы жеке тұрғын үйде өрт шыққан. Қызыл жалын шықты деген ақпараттың естіген өрт сөндірушілер дереу оқиға орнынан жетіп барған. Нәтижесінде өрт шыққан үйден егде жастағы әйел құтқарылды. Зейнеткердің жасы – 84-те.

Бұл ретте, Жетісу облыстық ТЖД облыс тұрғындары мен қонақтарын тұрмыста өрт қауіпсіздігі ережелерін қатаң сақтауға шақырады.

 Дәл осы күні атыраулық құтқарушылар жоғалған бойжеткенді аман-есен тапты. 2003 ж.т. азаматша 2023 жылғы 14 қарашада сағат 21:50-де үйінен белгісіз бағытқа шығып, осы уақытқа дейін оралмаған. Атырау облысы Төтенше жағдайлар департаментінің күштері мен құралдары 2 күн бойы жоғалған бойжеткенді Жайық өзені жағалауынан, далалық жерлерден кинологиялық есептобының көмегімен іздестірді. Іздеу нәтижесінде, 17 қараша күні сағат 10:20-да Атырау облысы ТЖД Жедел-құтқару жасағының құтқарушылары қараусыз тұрған сарайдан жоғалған бойжеткенді аман-есен тауып, ПД қызметкерлеріне тапсырды.

Бұдан бөлек, павлодарлық өрт сөндірушілер 20 қарашада кешкісін 31 адамды қызыл жалыннан құтқарды. Оқиға барысын баяндасақ,  оқиға болған күні сағат сағат 21:39-да академик Сәтбаев көшесіндегі 5 қабатты тұрғын үйде өрт болып жатқаны хабарлама түскен. Қоңырау шалушы кіреберістен түтін шығып жатқанын айтқан. Шақыру орнына шұғыл жеткен өрт сөндірушілер жоғарғы қабаттардан 9 адам құтқарды. Оның ішінде 1 баланы баспалдақ арқылы шығарып алды. Өрт сөндіру бөлімшелері келгенге дейін көршісі пәтер иесін шығарып, 22 адам өз бетінше эвакуацияланды, оның ішінде 1 бала бар. Қабылданған шұғыл шаралардың арқасында өрт сағат 22:30-да ауыздықталды. Өрт төсекте жатып алып темекі шегу салдарынан туындаған.

Ал 24 қарашада ШҚО өрт сөндірушілері 15 тұрғынды, оның ішінде 9 баланы ажалдан арашалап қалды. Оқиға былай болған. Сол күні Өскемен қаласындағы Свобода көшесінде 5 қабатты үйдегі пәтерде өрт шыққан. ШҚО ТЖД Өрт сөндіру қызметі хабарды ала салысымен оқиға орнынан жүйтки жөнелген. Келген кезде өрт сөндірушілер 1 қабаттың терезесінен қатты түтін шыққанын көрді. Дереу баспалдақпен өрт сөндірушілер пәтердің терезесіне кіріп, 2 адамды құтқарды. Баспалдақ арқылы құтқару қалпақтарының көмегімен 6 тұрғын мен үш баланы өрт сөндірушілер көтеріп алып шықты. 4-ші қабаттағы пәтерден, жеделсатының көмегімен тағы 6 бала құтқарылды.

Қазақстан халқына, мемлекеткен адал қызмет ету жолында талай адамды өлімнен, өрттен құтқарып жүрген бүгінгі күннің батырлары осы орайда, қазақстандықтарға өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтауды еске салады.

Әуелі, үйден шыққан кезде электр құрылғыларын қосулы қалдырмаңыз. Өрт шығаруы мүмкін мәселелердің көзін жойыңыз. Бір розеткаға бірден бірнеше электр құрылғыларын қоспаңыз, – дейді ТЖМ мамандары.

Бұдан бөлек, құтқарушылар өрт шыға қалған жағдайда не істеу керектігін айтты.

 Мамандардың сөзіне құлақ түрсек, өрт кезінде уақыт жоғалтпай, «101» немесе «112» нөмірлеріне хабарласып, жағдайды егжей-тегжейлі баяндау керек. Дүрбелеңге түсіп, сасқалақтаудың пайдасы жоқ. Бұлай істесеңіз, босқа уақыт жоғалтасыз. Өрт сөндірушілер келгенше, адамдарды эвакуациялау үшін шешім қабылдап, көршілерге өрт шыққаны туралы ескертіңіз. Дабыл қағыңыз. Электр қуатын өшіріңіз.

Айтпақшы, маңызды ескерту: өрт кезінде лифт қолдануға тыйым салынады, баспалдақ арқылы өту керек.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары