Ерлан Қошанов соңғы екі жылда әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау инспекторларының саны елімізде екі есеге өскенін атап өтті.
Орталық Азия елдері әйелдерінің диалогы халықаралық конференциясында ҚР мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошанов жақында еліміздің барлық қалаларында әйелдер полициясы бөлімшелері ашылатынын айтты. Бұл туралы Skifnews.kz ақпарат порталы хабарлайды.
Ерлан Қошанов соңғы екі жылда әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау инспекторларының саны елімізде екі есеге өскенін атап өтті.
Кейде әйелді тек әйел ғана түсінеді. Сондықтан біз әйелдер мен кәмелетке толмағандарға қатысты зорлық-зомбылық қылмыстарын тергеуде әйел тергеушілерді мамандандыруды енгіздік, — деді Ерлан Қошанов.
Оның айтуынша, республика бойынша тергеу топтарына 280 әйел маман енгізілген.
Қазақстанда алғаш рет пилоттық режимде тек әйелдерден тұратын полиция бөлімшесі құрылды. Енді зардап шеккен қыз-келіншектер мұнда келіп, өздерін қорғауды сұрай алады. Жақын арада бұл тәжірибе бүкіл республика бойынша қолданылатын болады, – деді ҚР Мәжіліс спикері.
Сонымен қатар ол ерлер тәрбиесіне алдын-ала мән беріп, бұрмаланған қағидаттарды жою керек екенін алға тартты.
Мектеп қабырғасынан бастап жас ұрпақтың санасына дұрыс құндылықтарды сіңіру керек. Халық арасында құқықтық мәдениетті қалыптастырған жөн. Тұрмыстық вандализмнің кез келген көріністеріне төзбеу керек, – деп түйіндеді сөзін.