Полиция біздің конституциялық құқығымызды бұзып, қылмыскерлерді ұстаудың орнына белсенділерді құртып жатыр.
«Немолчи» қорының басшысы Дина Таңсәрі үстінен үш қылмыстық іс қозғалғанын айтты, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Қор басшысының айтуынша, оның үстінен «Жалған ақпарат тарату», «Жеке деректерді жариялау» және «Алаяқтық» бойынша қылмыстық істер қозғалды. Айтуынша, бұл істерде жәбірленушілер мен арызданушылар жоқ, алайда полиция тергеуді бастаған.
Шығыс Қазақстан облысының полициясы үстімнен іс қозғады. Полиция Немолчи қорының донаторларын іздеуде. Мені жеке деректерді таратты деп айыптап жатыр, алайда қазіргі таңда полицияның өзі де осыны жасап жатыр. Олар үй-үйді аралап, жұмысқа келіп, қорға ақша жіберген адамдардың туыстарын іздеп, заңсыз, негізсіз менің және күйеуімнің деректерін бәріне айтып, бәріне қарсы арызжазуды талап етіп жатыр. Алайда бізден ешкім зардап шеккен жоқ, – деді Дина Таңсәрі.
Айтуынша, бәрі жәбірленушілердің емес, полицияның рапортына негізделген. Қазіргі таңда қорға ақша аударған 7000-нан астам адамнан жауап алуда дейді ол.
Осындай сауатсыз, өзіндік ұстанымы жоқ форма киген адамдар жұмыс істеп жатқанына өкінемін. Байғұс халықтың жағдайына алаңдаймын! Қазір кез келген қоғам белсендісі, қайырымдылықпен айналысатындарға қауіп төніп тұр. Өйткені полиция біздің конституциялық құқығымызды бұзып, қылмыскерлерді ұстаудың орнына белсенділерді құртып жатыр, – деді құқық қорғаушы.
Бұл жағдайға қатысты полиция департаменті түсініктеме берді.
Өскемен қаласындағы Ертіс полиция бөлімінде Қылмыстық кодекстің 190-бабы 3-бөлігі «Алаяқтық» бойынша сотқа дейінгі тергеу басталғанын хабарлайды. Қазіргі уақытта тиісті тергеу әрекеттері жүргізілуде, олардың нәтижелері бойынша құқықтық баға беріледі. ҚПК-нің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды, – деді Өскемен полиция департаменті басшысының орынбасары Бердімұратов.