Сонымен қатар, кейінгі кездері кәмелетке толмағандардың мінез-құлқына «Черный двор», «Пацанская история», «Тараз», «Слово пацана» сияқты танымал фильмдер кері әсер етіп жатыр.
Мәжіліс депутаты Ринат Зайытов жастар тәрбиесіне теріс әсер етіп жатқан, қылмысты насихаттайтын фильмдер жайлы пікір айтты, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
«Осындай мазмұндағы фильмдерді идеологиялық қару деп бағалауға болады. Мұндай фильмдер өскелең ұрпаққа өте қатты әсер береді. Өйткені балалардың санасы әлі қорғана қоймаған, осындай фильмдердегі көріністердің бәрін өз бойына сіңіріп алады. Экраннан не көрсе, соған құмар болады. Мұндай мазмұндағы фильмдер мен сериалдар кейінгі жылдары елімізде де түсірілген, сондай-ақ беймәдени шетелдік фильмдер де баршылық. 20 жыл бұрын «Бригада» деген сериал шығып, оның кейіпкерлері жасөспірімдерге қатты әсер еткенін білеміз. Жастар солардың лақап атын қойып алып, еліктеп жүрді. Сондықтан бұл жағдайды қауіпті деп санаймын», - деді Р. Зайытов.
Бұл тұрғыда депутат елімізде осындай жағдайлардың алдын алып, идеологиялық жағынан жақсы сериалдар мен фильмдердің санын көбейту маңызды екенін айтты.
«Министрліктің бұл бағытта мониторинг жүргізетіндей шамасы бар. Ұрпаққа, ұлтқа зияны тиетін, жастардың білім алуына бөгет жасайтын теріс идеологияға қарсы тұрып, осы мәселелерге ерекше мән беруіміз керек», - деді депутат.
Еске салсақ, жақында ҚР Ішкі істер министрлігі әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Ренат Зұлқайыров балалар мен жасөспірімдер тәрбиесіне кері әсер етіп жатқан фильмдер мен сериалдарды атап шыққан еді.
«Балалар тәулік бойы интернетті, әлеуметтік желілерді қарап отырады. Мұнда ең танымал контент ретінде бірінші орынға зорлық-зомбылық, дөрекілік пен түрлі пранктер шығып отыр. Сонымен қатар, кейінгі кездері кәмелетке толмағандардың мінез-құлқына «Черный двор», «Пацанская история», «Тараз», «Слово пацана» сияқты танымал фильмдер кері әсер етіп жатыр», - деді Р. Зұлқайыров.
Дереккөз: Kazinform