$ 443.37  474.49  4.83

Тоқаев «Болашақ» бағдарламасының 30 жылдығымен құттықтады

«Бұл – Қазақстанның әр түкпіріндегі дарынды жастарға жол ашқан теңдессіз бағдарламаның мерейлі белесі»

Фото: Ақорда
Фото: Ақорда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Болашақ» халықаралық стипендиясының 30 жылдығына арналған салтанатты форум қатысушыларына құттықтау хатын жолдады, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Баршаңызды «Болашақ» халықаралық стипендиясының белгіленгеніне 30 жыл толуымен құттықтаймын!

Бұл – Қазақстанның әр түкпіріндегі дарынды жастарға жол ашқан теңдессіз бағдарламаның мерейлі белесі. Осы бірегей жоба мемлекетімізде озық ойлы әрі білікті кадрлар резервін қалыптастыруға зор септігін тигізді. «Болашақ» бағдарламасының мыңдаған түлегі бүгінде түрлі саладағы оң өзгерістің жаршысы болып, еліміздің игілігі үшін табысты еңбек етіп жүр.

Қазір Қазақстанды өркендете түсу үшін тың серпіліс қажет. Біздің алдымызда ел экономикасының құрылымын қайта түзу, саяси жүйені одан әрі жаңғырту және шын мәнінде әділетті әрі инклюзивті қоғам қалыптастыру сияқты ауқымды міндеттер тұр. Осы орайда білім беру саласына инвестиция салу және азаматтардың өз әлеуетін толық пайдалануына мүмкіндік жасау өте маңызды.

Мемлекет адал азаматқа тән қасиеттерді бойына сіңірген дарынды, еңбекқор, талапты жастарды әрдайым қолдайды. «Болашақ» бағдарламасының түлектері ғана емес, еліміздегі барлық жас мамандар Қазақстанды жан-жақты жаңғырту жолындағы келелі іске өз үлесін қосады деп сенемін, делінген хабарламада. 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары