09.12.2023, 14:30

Пәтер тонап, алаяқтық жасаған тұрғын ұсталды

Фото: polisia.kz

Тәркіленген заттар өз иелеріне қайтарылды. 

Ұрлық және алаяқтық қылмысын жасаған қызылордалық тұрғын қамалды, – деп хабарлайды Skifnews.kz  ақпарат порталы.

Қызылорда қаласы полиция басқармасының қызметкерлері пәтер ұрлығын және алаяқтық қылмысын жасаған 39 жастағы қызылордалық тұрғынды анықтады.

Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. 1-4 желтоқсан аралығында екі қала тұрғыны бір-біріне ұқсас пәтер ұрлығы болғаны жөнінде “102” арнасына арыз түсірген болатын. Үйлерден құндыз тон, телефондар, техникалық заттар, алтын бұйымдар қолды болған. Үй иелерінің жоқтығын пайдаланып, ұры есіктерінің құлпын кілт іріктеу арқылы кіріп, арам ойларын жүзеге асырып отырған.

Сонымен қатар күдікті ұрлығын қоймай, 57 жастағы азаматшаны Toyota Carina автокөлігін жалға алатынын айтып, алаяқтық жолмен алдап, кері қайтармаған.

Қазіргі таңда жалпы жәбірленушілерге келтірілген материалдық және мүліктік шығын 2,2 млн теңгеге жуық. Тәркіленген заттар өз иелеріне қайтарылды.

Аталған дерек бойынша ҚР ҚК-нің 188-бабының 3-бөлігі 3-тармағымен және 190-бабының 1-бөлігімен (Алаяқтық) сотқа дейінгі тергеп-тексеру әрекеттері жүргізіліп жатыр.