09.12.2023, 21:30

Бас прокуратура Костенко шахтасындағы апатқа қатысты тың мәлімет жариялады

Фото: aikyn.kz

Қылмыстық жауапкершілікке 7 адамнан тұратын шахтаның басшылығы мен инженерлік-техникалық құрамы тартылды.

 

2023 жылдың 28 қазанында «Арселор Миттал Теміртау» АҚ-ның Костенко атындағы көмір шахталарында бірқатар жарылыс болып, салдарынан 46 адам қаза тауып, 28 кенші жарақат алған. Бұл факті бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді Бас прокуратураның арнайы прокурорлары ІІМ, ҚМА, ТЖМ және Агроөнеркәсіптік кешен қызметкерлерінің қатысуымен жүргізуде, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Бас прокуратураның мәліметінше, жарылыс бастапқыда №48К3-батыс лава көмір өндіру учаскесінде К2 астындағы көмір қабатынан шығатын метан-ауа қоспасының орналасуынан болғаны анықталды, оның көзі шахта кенжары конвейерінің жұмысында механикалық от шығудан болған.

Бұл жарылыс шахта өндірісіндегі көмір шаңының кезең-кезеңмен жарылыстарына әкелген, себебі оның концентрациясы рұқсат етілген нормалардан айтарлықтай жоғары болған.

Тергеу барысында қайғылы оқиғаға шахтаны пайдалану кезінде өндірістік және өрт қауіпсіздігі, сондай-ақ еңбекті қорғау ережелерін көптеген бұзушылықтарға жол берілуі тікелей байланысты екені анықталды. Қазіргі уақытта көмір өндіру кезінде қауіпсіздік шараларын қамтамасыз етпеді деген күдікпен Қылмыстық кодекстің 277-бабының 3-бөлігі (Тау-кен жұмыстарын жүргізу кезінде қауіпсіздік ережелерін бұзу) бойынша қылмыстық жауапкершілікке 7 адамнан тұратын шахтаның басшылығы мен инженерлік-техникалық құрамы тартылуда. Қылмыстық процестік кодекстің 128-бабына сәйкес күдіктілер Қарағанды облысындағы Полиция департаментінің уақытша ұстау изоляторына қамалды, – делінген Бас прокуратураның ақпаратында.

Тағы оқи отырыңыз: Үкіметтік комиссия Костенко шахтасындағы апатқа жұмыс беруші кінәлі деп тапты

Тергеу аясында «Арселор Миттал Теміртау» АҚ мен Төтенше жағдайлар министрлігінің Қарағанды облысы бойынша Өнеркәсіптік қауіпсіздік департаментінің шахтаның қауіпсіз жұмыс істеуіне тиісті бақылауды қамтамасыз етпеген тиісті тұлғаларына да құқықтық баға берілетін болады.

Тергеу жалғасуда және ерекше бақылауда.