12.12.2023, 01:30

Қазақстан мен Куба боксшылары бірлесіп жаттығып жатыр

Фото: Pixabay

Екі ел боксшылары 16 желтоқсанға дейін бірлескен оқу-жаттығу жиынын өткізбек.

Бокстан Қазақстан Ұлттық құрамасы мен Куба боксшылары Қарағанды қаласында бірлескен оқу-жаттығу жиынын өткізіп жатыр, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы Kazinform-ға сілтеме жасап. 

Куба боксшылары желтоқсан айының басында Қазақстанға келген 9 былғары қолғап шеберінің арасында әлем чемпионатының және Панамерикалық чемпионаттарының финалистері, көптеген халықаралық турнирлердің жеңімпаздары мен жүлдегерлері бар. Оларды екі жаттықтырушы бастап келген. Басты мақсат – Қазақстан боксшыларымен бірлескен оқу-жаттығу жиынына және Ғалым Жарылғаповты еске алуға арналған халықаралық турнирге қатысу.

Екі ел боксшылары 16 желтоқсанға дейін бірлескен оқу-жаттығу жиынын өткізбек.

Ал 17 желтоқсанда Қарағандыда Қазақ КСР еңбек сіңірген жаттықтырушысы Ғалым Жарылғаповты еске алуға арналған ХХХІХ халықаралық турнир басталады. Ерлер мен әйелдер арасындағы үздіктер 21 желтоқсанда анықталады.