12.12.2023, 07:30

Димаштың сахналық киімі мен Головкиннің қолғабы аукционға қойылды

Фото: astanatv.kz

«Болашақ» корпоративтік қоры қысқы қайырымдылық балды осымен 11-рет ұйымдастырып отыр. 

Астанада Димаш Құдайбергеновтың сахналық киімі мен Генадий Головкиннің қолтаңбасы қойылған қолғап сатылды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы Astanatv.kz-ке сілтеме жасап.

Аукцион дәстүрлі қысқы бал барысында өтті. Қайырымдылық шарасында бас-аяғы 90 миллион теңгеден аса қаржы жиналған. Бұл іс-шараны жыл сайын «Болашақ» корпоративтік қоры өткізеді. Түскен ақшаның бәрі әлеуметтік жобаларға жіберіледі.

Барлық қаржы қайырымдылыққа кетеді. Өткен жылы біз 10 балабақша мен мектепте инклюзияны қолдау кабинеттерін аштық, аутизм, Даун синдромы бар балаларға арналған футболдан инклюзивті секцияны іске қостық. Ерекше балалардың ата-аналарына психологиялық қолдау көрсету бойынша «OI SANA» жобасын іске қостық, тағы 500-ге жуық мектеп, колледж, балабақша директорларын, мамандар мен ата-аналарды оқыттық, деді «Болашақ» қорының өкілі Динара Гаплан. 

"Болашақ" корпоративтік қоры қысқы қайырымдылық балды осымен 11-рет ұйымдастырды. Осы жылдар ішінде жиын арқылы 800 миллион теңге жиналған. Бұл қаражатқа қор 80-нен астам мамандандырылған оңалту мекемесін, 500-ден астам жұмыс орнын ашты. Тұрмысы төмен отбасасынан шыққан балаларға 107 жол жүру және 17 білім беру грантын бөлді.