$ 444.14  477.05  4.85

Бүгін - Зейнолла Қабдоловтың туған күні

«Ұшқын» және «Жалын» романдарының, «Адам», «Сыр» атты жинақтарына енген әңгіме-очерктері мен Қазақтың М. Әуезов атындағы академиялық және бірнеше облыстық театрдың сахналарында қойылған «Сөнбейтін от» драмасының авторы.

Фото: adebiportal.kz
Фото: adebiportal.kz

Осыдан 96 жыл бұрын (1927-2006) жазушы, әдебиет зерттеушісі, Қазақстан Ұлттық Ғылым академиясының академигі, Қазақстанның Халық жазушысы, Қазақ және Қырғыз Республикаларының еңбек сіңірген ғылым қайраткері Зейнолла ҚАБДОЛОВ дүниеге келген, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы. 

Атырау облысы Мақат ауданының Доссор кентінде туған. 1945 жылы қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің филология факультетіне оқуға түсіп, 1950 жылы үздік дипломмен бітірген. Осы білім ордасында елу жылдан астам үздіксіз білім және ғылым жұмыстарын қатар жүргізген. Ширек ғасыр бойы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық мемлекеттік университетінің әдебиет кафедрасын басқарып, бірнеше жыл «Жұлдыз» журналы мен «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы, Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы міндеттерін негізгі қызметімен қоса атқарған.

«Ұшқын» және «Жалын» романдарының, «Адам», «Сыр» атты жинақтарына енген әңгіме-очерктері мен Қазақтың М. Әуезов атындағы академиялық және бірнеше облыстық театрдың сахналарында қойылған «Сөнбейтін от» драмасының авторы. «Менің Әуезовім» романы үшін 1998 жылы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығы берілді.

Өмірінің соңына дейін Қазақ мемлекеттік ұлттық университеті жанындағы филология ғылымдары докторы дәрежесін тағайындау жөніндегі тұрақты диссертациялық кеңестің төрағасы қызметін атқарған. Тұңғыш көлемді шығармасы «Өмір ұшқыны» 1956 жылы қазақ, 1958 жылы «Искра жизни» повесі орыс тілінде жарық көрген. 1964 жылы «Адам» атты әңгімелер мен очерктер жинағы шыққан. 1967 жылы республикалық байқауда «Сөнбейтін от» пьесасы сыйлық алған. «Мұхтар аға» документалды кинофильмінің сценарийін жазған. Мұнайшылар өмірінен жазылған «Жалын» романы 1970-1971 жылдары қазақ, орыс тілдерінде жарық көрген. Бұл роман жұмысшылар табы туралы ең үздік туындылар жөнінде КСРО Жазушылар одағы жариялаған бүкілодақтық байқауда арнаулы сыйлық алған.

1964-2002 жылдары әдебиеттану ғылымы мен теориясын зерттеу, орта және жоғары оқу орындарына арналған оқулықтар жазу ісінде де жемісті еңбек еткен. Оның «Арна» зерттеу-сын-эссесі, «Жанр сыры», «Сөз өнері» монографиялары, «Жебе» әдеби толғаныстар мен талдаулары, «Көзқарас» талдаулар мен толғаныстары, «Әдебиет теориясының негіздері» атты еңбектері студенттер мен мұғалімдердің және жазушы-журналистердің қажет кітаптарына айналды. Басқа да көптеген еңбектері: екі томдық шығармалары, «Елеусіз қалған есіл ер» пьесалар жинағы, «Менің Әуезовім», «Ұшқын», «Жалын» романдары, таңдамалы шығармалар, бес томдық алғашқы кітаптары «Жазушы», «Санат» баспаларынан әр жылдары басылып шыққан. Аударма жұмысымен де айналысып, А. Пушкиннің «Балықшы мен балық» ертегісін, Н. Гогольдің мақалалары мен хаттарын, В. Добровольскийдің «Сұр шинельді үш жігіт», В. Закруткиннің «Судағы станица» романдарын, А. Островскийдің «Ұшынған ақша», М. Горкийдің «Күн перзенттері», Н. Хикметтің «Елеусіз қалған есіл ер» пьесаларын қазақ тіліне аударған. «Халықтар достығы», «Құрмет», «Парасат» ордендерімен, көптеген медальмен және Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамоталарымен марапатталған. Қазақстан Республикасы Ғылым академиясының Ш. Уәлиханов атындағы І дәрежелі сыйлығының лауреаты. Көркем шығармалары бірнеше шетел тіліне аударылған. Алматы қаласындағы мекен-тұрағы болған Желтоқсан көшесіндегі 132-үйдің қабырғасына мемориалды тақта орнатылып, қаладағы көшелердің біріне жазушының есімі берілген.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары