14.12.2023, 05:30

«Базардан ала салады». Министр допинг дауына қалған спортшылар жайлы айтты

Фото: pixabay

3 жылда 133 қазақстандық спортшы допинг дауына ілікті.

Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев неге допинг дауы көбейіп кеткенін айтты, - деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Оның мәлімдеуінше, соңғы 3 жылда 133 қазақстандық спортшы допинг дауына ілікті. Cоның ішінде 93 атлет, оның ішінде 45-і - ауыр атлеттер, деп жазады massaget.kz.

2020 жылы допинг дауына іліккен ауыр атлеттердің саны 5 адам. 2022 жылы 10 болса, биылдың өзінде ғана 30 атлеттің допинг қолданғаны дәлелденді. Бұл біз үшін тым жоғары көрсеткіш. Өйткені І, ІІ, ІІІ санаттағы құрама команда түгел шеттетілген. Сонда қазір базалық құраманың рөлін жасөспірімдер атқаруға мәжбүр болып отыр, - деді ол ОКҚ-да өткен брифингте.

Сондай-ақ, Ермек Маржықпаев жағдай жақсы емес екенін мәлімдеді.

Қазіргі таңда допингке қарсы орталықпен бірге жұмыс істеп жатырмыз. Өкінішке қарай, интернет арқылы спорттық тағамға тапсырыс беру оңай. Спортшылардың көбі осындай тапсырыспен сапасыз тағамға ұрынып қалып жатады. Яғни, допингке саналы түрде бармайтындары да бар. Тіпті интернет пен дәріхананы қойып базардан да сатып алатындар бар. Бұл жұмысты жүйелеп, заңнаманы тағы жетілдіру керек. Өйткені өте көп спортшымыздан айырылып жатырмыз, - деді министр.