Парк өндіріс ауқымы жағынан республикада бірінші орын алады. Іске қосылған сәттен бері өндіріс алаңында 6,7 триллион теңгенің өнімі шығарылған.
Президент елорданың индустриялық паркіндегі жетекші кәсіпорындармен танысты, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Қасым-Жомарт Тоқаев Астананың маңызды нысандарын аралауды, алдымен, №1 Индустриялық парктен бастады. Мұнда Мемлекет басшысына елорданың инвестициялық тартымдылығы жөнінде мәлімет берілді.
Астана қаласы әкімінің орынбасары Евгений Глотовтың баяндауынша, алғашқы жартыжылдықта елорданың аймақтық жалпы өнімінің көлемі 4,7 триллион теңгені құраған. Өсім көрсеткіші – 4,1 пайыз. АЖӨ құрылымындағы үлестің басым бөлігі, яғни 73 пайыздан астамы шағын және орта бизнеске тиесілі. Ал инвестицияның үлесі – 11,5 пайыз.
Инвестиция тарту ісінде №1 Индустриялық парк айрықша рөл атқарады. Мұнда жалпы инвестиция сомасы 322 миллиард теңге болатын 100 жоба жүзеге асырылып жатыр. Парк өндіріс ауқымы жағынан республикада бірінші орын алады. Іске қосылған сәттен бері өндіріс алаңында 6,7 триллион теңгенің өнімі шығарылған.
Президент елорданың дамуына ірі өндіріс орындары аса қажет екенін айтты.
Астана халқының саны өсіп келеді. Таяу жылдары 1,5-2 миллион адамға жетуі мүмкін. Сондықтан тұрғындарды, жастарды жұмыспен қамтамасыз етуіміз керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.