20.12.2023, 09:20

Қазақстан Нью-Йорк пен Токиоға тікелей әуе рейстерін ашады

Фото: stan.kz

Соңғы екі жылда 32 халықаралық әуе жолы ашылған. 

2024-2025 жылдары Қазақстан Нью-Йорк, Мумбай, Токио, Сингапур және Шанхайға тікелей әуе рейстерін ашады, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы Stan.kz-ке сілтеме жасап. 

Көлік министрі Марат Қарабаевтың айтуынша, бүгінде елімізде 28 елмен 110 бағытқа (аптасына 567 рейс) рейс бар.

Ал соңғы екі жылда Милан, Доха, Абу-Даби, Кувейт және басқа да қалаларға 32 халықаралық әуе жолы ашылған.

Алдағы 2024-2025 жылдары Мумбай, Токио, Сингапур, Шанхай және Нью-Йорк қалаларына әуе рейстері ашылады. Биыл алты шетелдік авиакомпанияға Қазақстанға ұшуға рұқсат берілді. Сонымен қатар "ашық аспан" режиміне түзетулер енгізіліп, "ауа еркіндігінің" бесінші дәрежесін пайдалануға қатысты барлық шектеулер алынып тасталды, - деді Қарабаев. 

2024 жылдың 14 наурызынан бастап Азияның ірі лоукостер әуе компаниясы Air Asia Алматы-Куала-Лумпур бағыты бойынша рейстерді жүзеге асыра бастайды және болашақта "ауа еркіндігінің" бесінші дәрежесін пайдалана отырып, Жидда қаласына ұшуды жоспарлап отыр. Министрдің айтуынша, бұл нарықтағы бәсекелестікті арттырып, билеттерге қолжеткізуді тиімді етеді.