20.12.2023, 11:40

Астанадан Оралға ұшуы тиіс ұшақ діттеген жеріне жете алмай қалды

Фото: Pixabay

Одан Франкфурт қаласына ұшуы керек еді.

Қолайсыз ауа райына байланысты Астанадан Оралға келуі тиіс ұшақ Ақтөбеге қонды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы. 

«Орал халықаралық әуежайы» ЖШС баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, Эйр Астана ұшағы таңмен Оралға келіп, одан Франкфурт қаласына ұшуы керек еді.

«20 желтоқсан күні Орал қаласында жаңбыр жауып, ауа температурасы -1 градусқа дейін төмендеді. Оған қоса желдің екпіні секундына 15-20 метрге жетеді. Бұл табиғи құбылыс ұшу қауіпсіздігіне теріс әсер етеді, өйткені жауын-шашын салдарынан мұз қабығы тез пайда болады. Жауын-шашын басталғаннан бері әуе айлағында мұзға қарсы реагент қолданылуда. Аталған рейс жуық арада Оралға келуі тиіс», - деп хабарлады.

«Ақтөбе қаласына Орал уақытымен сағат 08.46 шамасында қондық. Бізге пилот «Оралда қар аралас жаңбыр болғандықтан қонатын жолақ қабылдай алмайды, сондықтан әуежайды екі сағатқа жапқан» деді. Қазір Ақтөбе әуежайында хабар күтіп отырмыз», - деді Астанадан Оралға келе жатқан жолаушы Дана Жангелді.