Аяз ата алғаш рет 1910 жылы Рождество мерекесінде пайда болған, алайда, кең танылмады.
Жаңа жылдың айналасында аңыз көп. Соның ішінде мерекенің ажырамас бөлігі болған Аяз ата мен Ақша қар, шыршаның шығу тарихына үңіліп көрдік.
Санта-Клаус 20-шы ғасырда пайда болып, екі рет өзгеріске ұшырады. Бірінші рет ол 10-шы жылдары көрнекі әдеби бейне ретінде, ал екінші рет 30-шы жылдары жаңа жылдық мерекеде тірі кейіпкер ретінде пайда болды. Санта-Клаустың бейнесін қалыптастыруға әсер еткен факторлар: орыс ертегілерінің кейіпкерлері, Рождество хаттарының кеңінен таралуы.
Аяз ата – Ғажайыптарды тудырушы Николайдың бейнесі делінеді. Аяз ата алғаш рет 1910 жылы Рождество мерекесінде пайда болған, алайда, кең танылмады.
Кеңес үкіметі уақытында жаңа имиджі қалыптасты: ол Жаңа жыл қарсаңында пайда болып, балаларға сыйлық бере бастады: бұл образды кеңес кинематографистері 1930-жылдары ойлап тапқан. 1935 жылы Харьков қаласында балаларға арналған ертеңгілік алғаш рет тойланды. Мерекеге Аяз ата Ақшақарды ертіп келді. Аяз атаның жинақталған образы Әулие Николайдың бейнесі негізінде жасалды.
Осылайша Кеңес үкіметі кезінде Аяз ата бейнесі толықтай орнықты.
Қазақта наурызда келетін Қыдыр ата бейнесі Аяз ата бейнесіне ұқсайды.
Ал Ақшақар деген кім? Бұл туралы ел аузындағы аңыздар былай деп сыр шертеді. Бағзы замандарда адамдар өздерінің ең сұлу қыздарын орман елестеріне құрбандыққа беру үшін ағаштарға байлап кете болған. Аязға үсіп қалған қызды қорек еткен жауыз күштер сол жылы сұрапыл дауылдарды жібермейді екен. Бір күні дәл осындай құрбандық үшін байланған қыз тірі қалады да, Аяз оны өзіне әйел етіп алады.
Кейбір аңыздар Аяз Ата Ақшақарды мұз бен қардан жасап алған дегенді айтады, ал кейбір деректерде Ақшақар – Аяз атаның немересі делінеді.
Ақшақардың қазіргі бейнесі Кеңес үкіметі мерекені ресми түрде тойлауға қол қойған 30-жылдардың ортасында орнықты. Ақшақар Аяз атаның көмекшісі, ақылшысы.
Шыршаның тарихы ше? Жаңа жыл қарсаңында шыршаны безендіру дәстүрі орта ғасырдан бастау алады. Герман халқы Жаңа жылда орманға барып, әдемі шыршаны таңдап алып, оған тәтті, әртүрлі әшекей ілетін болған. Кейін шыршаның иісі мерекелік атмосфера беріп тұруы үшін оны орманнан кесіп, үйге әкелген. Кейін герман халқы христиандық дінге өткен соң бұл дәстүр діни сипат алды.
XIX ғасырдан бастап Дания, Англия, Германия, Норвегия, Франция, Ресейде Жаңа жылда жаппай шырша қойыла бастады.
Қазақ даласына Жаңа жыл XIX ғасырдың ортасынан бастап орыс қоныс аударушыларымен бірге келген. Қазақ даласына қоныс аударған орыстар бұл мерекені кеңінен таратып, Кеңес үкіметі құрамына енген елдер үшін Жаңа жыл маңызды мерекеге айналды. Бұл күні дастархан жайылып, мектеп пен балабақшаларда ертеңгіліктер, арнайы шырша мерекесі өтеді, Аяз ата мен Ақшақар келіп, балаларға сыйлықтар табыстайды. 31 желтоқсан күні түнгі 00:00-де ел президенті теледидар арқылы бүкіл халыққа өз тілегін арнайды.
Мейіргүл Оңғарова