"Қазгидромет" РМК мәліметінше, 29-31 желтоқсан аралығында Астанада қалың қар жауып, жел күшейіп, бұрқасын болады.
29 желтоқсанда Астана қаласының Төтенше жағдайлар департаменті елорда тұрғындарына ауа райының күрт нашарлауына: боран, қар жаууы және желдің күшеюіне байланысты үндеу жолдады, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Елорда тұрғындары мен қонақтарына қала сыртына шығудан бас тартып, қырағы болуға, ауа райының өзгеруі мен енгізілген шектеулерді қадағалауға кеңес берілді.
"Қазгидромет" РМК мәліметінше, 29-31 желтоқсан аралығында Астанада қалың қар жауып, жел күшейіп, бұрқасын болады.
Таратылған хабарламада дауылды жел кезінде бірінші кезекте тұрғын үйлердегі электр желілері мен жабдықтарының, жылыту пештерінің жай-күйін тексеру, ішкі және сыртқы өртке қарсы су құбырының, телефон байланысының жарамдылығын қамтамасыз ету, өрт сөндіруге дайындау керек екені атап өтілген.
Пәтерде электр қуаты асқынса, сіз жоқта кенеттен электр тогы қосылған кезде өрт болмас үшін барлық электр құрылғысының қуатын дереу өшіріп, ашаларды розеткалардан ажыратыңыз. Сонымен қатар көлікті ағаш, тозығы жеткен ғимараттардан алыс қойыңыз. Үйдегі немесе пәтердегі барлық терезені мықтап жабу ұсынылады. Сыртта қатты желде қалып қалсаңыз, құтқарушылар қауіпсіз жерді паналауға кеңес береді.
Елорда тұрғындары мен қонақтарын жолда сақ болуды, қауіпсіздік ережелерін сақтауды және дауылды ескерту кезінде ұзақ сапарға шықпауды сұраймыз. Төтенше жағдай бола қалса, 112 телефонына хабарласыңыз, - Астана қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі