$ 441.66  475.14  4.86

Футболшыларды сынаған Қуат Хамитов жанкүйерлерден «ауыр соққы» алды

Олардың барлығы дерлік Қуаттың спортта ауыз толтырып айтарлықтай нәтижесі жоқ екенін алға тартқан.

Фото: instagram.com/kuat__khamitov
Фото: instagram.com/kuat__khamitov

Аралас жекпе-жектен қазақстандық файтер Қуат «Найман» Хамитов бұған дейін француз футболшысы Килиан Мбаппеге тамсанып, отандық футболшыларды «қапшыққа» теңеген болатын. Көп ұзамай жанкүйерлер Хамитовтің өзін ауыр сын астына алды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы 1bol.kz-ке сілтеме жасап.

Килиан Мбаппенің әлем чемпионатынан кейін айтқан «хет-трикті 1:0 деген жеңіс есебіне алмастырғым келеді» деген сөзіне тамсанған Қуат өзінің Instagram-парақшасында жазба қалдырды.

«Чемпиондардың менталитеті осындай болады. Ал, қапшықтардың менталитеті: бәлкім біздің жолымыз болып, топтан шығып қалармыз» деп жазып, отандық футболшыларды келеке еткендей болған. 

Instagram желісіндегі kzsports парақшасында жанкүйерлер Хамитовке жауап қатты. Олардың көбі файтердің де спортта жолы болмағанын бетіне басқан.

«Қуат, нағыз чемпион UFC-мен келесімшарт жасасуға ұмтылады. Ал, қапшық жұртқа беймәлім промоушнда қапшықтармен төбелеседі. Міне, менталитет деген осы», - деп жазды оқырмандардың бірі.

Қуат та қарап қалған жоқ, дереу жауап жазды.

«Мен мемлекеттің қолдауынсыз 38 жекпе-жек өткіздім, 14 жылдан бері төбелесіп келемін. Сенің қисықаяқ футболшыларың мемлекеттің ақшасы болмаса 7 жыл да өмір сүре алмас еді. Айырмашылығын түсінесің бе?» - деп жауап қайтарды ол өзін сынаған жанкүйерге.

Жалпы, Хамитовті сынағандардың қарасы көп. Олардың барлығы дерлік Қуаттың спортта ауыз толтырып айтарлықтай нәтижесі жоқ екенін алға тартқан.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 6
Ұнамайды 3
Күлкілі 3
Ашулы 1

Серіктес жаңалықтары