06.01.2024, 12:30

Елена Рыбакина Брисбен турнирінің финалына шықты

Фото: Қазақстан теннис федерациясы

Бір сағат 5 минутқа созылған бәсеке барысында Елена 8 эйс жасап, 5 брейк-пойнттың үшеуін мүлт жіберген жоқ.

 

 

Қазақстанның бірінші, әлемнің 4-ракеткасы Елена Рыбакина Брисбен (Аустралия) WTA 500 турнирінің финалына шықты, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Жарыстың 2-ракеткасы болып тіркелген қазақстандық теннисші жартылай финалда дүниежүзілік рейтингте 40-орында тұрған 19 жастағы чехиялық Линда Носковамен шеберлік байқасты.

Осыған дейін қос теннисші өткен жылы Франция ашық чемпионатында кездесіп, онда Е.Рыбакина 6:3, 6:3 есебімен жеңген еді.

Бұл жолы бірінші партияны қазақстандық спортшы қарқынды бастады — 3:0. Сол басымдылығынан сет біткенше айырылған жоқ — 6:3.

Екінші сетте есеп 1:1 болған мезетте Рыбакина брейкпен алға шықты. Содан кейін тағы бір брейк жасап, матчты жеңіспен түйіндеді — 6:2.

Бір сағат 5 минутқа созылған бәсеке барысында Елена 8 эйс жасап, 5 брейк-пойнттың үшеуін мүлт жіберген жоқ. Л.Носкова 1 эйспен шектелді.

Елена Рыбакина финалда қос белоруссиялық, әлемнің 2-ракеткасы Арина Соболенко немесе рейтингте 23-сатыдағы Виктория Азаренконың біреуімен бас жүлдені сарапқа салады.