Режиссердің айтуынша, ол жазушымен Прагада кездескен.
Белгілі режиссер Қалила Омаровтың жазушы Мұхтар Мағауин жайлы деректі фильм түсірген. Сол фильм барысында жазушымен болған кездесу туралы Қалила Омаровтың өз естелігін ұсынамыз, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Режиссердің айтуынша, ол жазушымен Прагада кездескен.
Мұхтар Мағауин Прагада жүрген кезінде бардым ғой. Лондонда тұратын бір қазақ жігіт алып барды. Бір деректі фильміме қажетті дүниелерді жинау үшін барғам. Сосын Мұхаң фильмге қатысты ойын айтты да, "болды кете бер" деді. Бірақ, мен ағаға "Сенен интервью алмай кетпеймін" дедім. Ол "Мен ешкімге сұхбат бермеймін" дейді. Мен де "алмай кетпеймін" дедім.
Сөйтіп жұмыс бөлмесінде басталған қысқа-қысқа әңгіме үш сағаттық сұхбатқа ұласып кетті. Сұхбат бермеймін деп отырған адам қалай үш сағат сөйлегенін білмей қалды.
Сонда мен ол кісіге бір сұрақ қойдым: "Қай қоғам болса да қазақ деген ұлттың жер бетінен жойылып кетуі үшін ұлтқа жасалған қастандықтар бар. Сол қастандықтардың басында кімдер тұр? Кімдерді атайсыз?" - дедім.
Сонда Мұхтар: «Жалпы 30-жылдардағы ашаршылық қазақты ұлт ретінде жусатып кетті. Міне, сол ашаршылықты қазаққа алып келген, соған себепкер болған ұжымдастыруды алып келген адам - Тұрар Рысқұлов. Тұрар - 1935 жылға жоспарлаған дүниені 1929-да бастап жіберген ғой. Сондықтан, қазақтың нөмері бірінші сатқындығына мәжбүр болған адам -Тұрар Рысқұлов» деді.Мұхтар Мағауин Тұрардың сол құжаттарын алып, "Дат" газетіне жариялаған. Бірақ, кейін ол қырылып жатқан қазақтар туралы Сталинге бірнеше рет хат жазды. Біз сол жағын жария қыла бердік те, ана жағы көлеңкеде қалып қойды. Сонда Мұхтардың ойы: бер жағын ашқаннан кейін, ар жағын неге ашпайсыңдар дейді.
Мен кезінде бұл туралы Шерағаңмен де әңгімелестім. «Алашорда» фильмінде де пайдаландым.
Енді "екінші сатқын кім" деймін ғой. Сөйтсем Мұхтар Мағауин айтады: «Біз неге ұлттық мемлекет құра алмадық? Бұл жерде көзге көрінбейтін, саяси ықпалды жүйелер тұр. Біз сол егемендікті алғаш алған кезде еуропалық құндылық, әлемдік қауымдастыққа тең мемлекет болып кету мүмкіндігіміз болар ма еді, болмас па еді, бірақ, мына Ресейдің ықпалынан шығатын мүмкіндігіміз болды.
Тәуелсіздік алып, Ресеймен экономикалық, саяси тұрғыда тең мемлекет ретінде келіссөз жүргізуіміз керек еді. Сондай ұлт үшін маңызды ережелер талқыланып жатқанда, қазақ халқының да, бүкіл зиялы қауымының да назарын басқа жаққа аударған бір қимыл болды.
Бұл - қазақтың паспортынан қазақ деген, ұлт деген сөзді алып тастап, жалпы қазақстандық деп қоямыз деген бір идеяны тастап жіберді. Оны Мұхтар Шаханов алды да алаулатып, жалаулатып бүкіл халықтың барлығын протеске шақырды. Сөйтіп жүргенде жаңағы астыртын жүріп жатқан келіссөз арқылы орысқа тиімді Заңдар қабылданып кетті. Міне, біз қазір соның "жемісін" көріп жатырмыз. Тырп ете алмаймыз.
Ол келіссөз - біздің биліктің басындағы адамдарға тиімді, бірақ, ұлтқа - тиімсіз. Осындай жағдайлар іске асырылды. Бұл шын мәнінде, тәуелсіздік кезіндегі ұлт тағдырының шешілетін кезі еді. Бірақ, біз сол мүмкіндікті пайдаланар тұста қателік жібердік. Мұның басында өзі қаласа да, қаламаса да Мұхтар Шаханов тұр.
Әйтпесе, сол кезде келіссөз туралы экономистер жазып жатты, саясаткерлер талқылап жатты. Мұхтардың неге соған парасаты жетпеді? Ол керісінше, мен қазақты құтқарам деп бүкіл елді шулатып, өзіне пиар жасап алды. Ал, нәтижесі осы болды. Бірақ, оны Мұхтардың өзі де түсінген жоқ», - дейді.
Бұл туралы кезінде Салық Зиманов маған: «Ұлттық мүддеге бағытталған, жер асты-үсті байлығы қазақтың өзіне бұйыратын Заң жазып бердім» деп айтқан еді. Өкінішке қарай, ол Заң 39 рет өзгертіліп, 180 градусқа бұрылды.
Ал, 15 республиканың бәрі егемендік алып, тіпті орыстың өзі советтен тәуелсіздік алып кеткен кезде, біз ең соңында қалдық. Сосын барып "Тәуелсіздік!" деп айғайладық қой. Бұл енді анекдот.Менде Мұхтар Мағауиннің осындай ойлар айтылған үш сағаттық видео-сұхбаты бар. Бұйыртса, ол материалдарды фильм етіп шығарамын. Әзірге, оны шығаруға қаржы керек.