Мұсылмандықты қабылдап, шариғатқа мойын бұрғанда да аталарымыз жарысып, қаптатып мешіт салып па еді? Олар үшін мешіттің өзі - екінің бірі қолы жете бермейтін, екінің бірі сала салмайтын қасиетті орын емес пе еді?
Белгілі журналист Сәуле Әбілдаханқызы дінді қозғап, өз ойымен бөлісті. Бұл туралы ол Facebook желісіндегі парақшасында жазды, - деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Біздің шаласауатты дүмшелер жұмақты да сатқысы келеді, сатып алғысы келеді... Ал мешіттер, халықтың көзі ашылып кетсе, табысымыздан айырыламыз деп қорқады... Құран да бизнес, жаназа да бизнес... Осы бар ғой, мешіт салғыштардың бәрі өздерін Осман империясының сұлтандары мен пашаларындай сезінеді ғой деймін. Атасының атына мешіт салады, анасының атына мешіт салады, баласының атына мешіт салады.
Сондай-ақ журналист османдықтардың тарихына көз жүгіртіп шықты.
Османдықтардың қаптаған мешітін түсінуге де, қабылдауға да, құрметтеуге де болады, өйткені олар бәлен мыңжылдық Византия империясын, Селжұқ империясын құлатып, католикшілдермен де, православ христиандармен де "Алла үшін, Мұхаммед пайғамбар үшін" деп соғысты. Византия, селжұқ жерлерін жаулап алып, мұсылман мемлекетін құру үшін жүз жыл жанталасты, кәпірлердің жерін мұсылмандардың мекеніне айналдыру үшін сұлтандар мен уәзірлердің мешіт салуы әрі символға, әрі дәстүрге айналды...
Журналистің жазуынша, елімізде мешіт салатындардың қарасы көбейген.
Ал біздікілер ше? Қазақ осы кең байтақ жерін "кәпірлерден" тартып алып, ислам мемлекетін құрып па еді? Шіркеулерге ту тігіп, мешітке айналдырып па еді? Қазақ о бастан, атам заманнан осы жердің иесі емес пе еді? Мұсылмандықты қабылдап, шариғатқа мойын бұрғанда да аталарымыз жарысып, қаптатып мешіт салып па еді? Олар үшін мешіттің өзі - екінің бірі қолы жете бермейтін, екінің бірі сала салмайтын қасиетті орын емес пе еді?
Құран түгіл, бес кітап оқымаса да, бес уақыт тоңқайғанның бәрі мешіт салғыш боп алды... Османдықтар 600 жылда салған мешітті біздің қазақ 30 жылда салып тастады... Бәрің Сүлейман сұлтан, Ахмет сұлтан шығарсыңдар...
Сөз соңында Сәуле Әбілдаханқызы мешіт салу мәселесін қолға алу керегін атап өтті.
Ақшаң қалтаңа сыймай бара жатса, балабақша сал, мектеп сал, жол сал, көпір сал, жетім-жесірге баспана сал, емхана сал, науқастардың емделуіне көмектес ... содан кейін мешіт салсаң, жарасар еді... Жалпы, кімдер мешіт сала алады? Кімге рұқсат беруге болады? Осы сұрақты Президент Тоқаевтан бастап, үкімет, қос парламент кешіктірмей күн тәртібіне шығаруы тиіс. Әйтпесе кеш болады... біраз мәселеде кешігіп те қалдық... дінді апиын сияқты сіңіріп алған қараңғы надандар өте көбейіп кетті.