$ 510.08  539.61  5.15

Зейнеп Ахметованың Мақпал Жүнісова туралы естелігі

Әншінің сахнаға қайта шығуына Зейнеп Ахметова ықпал еткен. 

Фото: qazdauiri.kz
Фото: qazdauiri.kz

Белгілі жазушы, Бауыржан Момышұлының келіні Зейнеп Ахметова әнші Мақпал Жүнісова туралы естелігімен бөлісті, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Жазушының айтуынша, Заманбек Нұрқаділовтың қазасынан кейін Мақпалдың сахнаға қайта шығуына Зейнеп апа ықпал еткен. 

Қазір шала діндарлар тұмшаланып қап-қара киініп алады. Бұрын қара орамалды күйеуі өлген, жарынан айырылған әйел ғана таққан. Жарының өлгеніне жыл толғаннан кейін барып, басына ашық түсті орамал салғызып, қара орамалын шешкізеді. Мұны қазақта «қаралығын түсіру» деп атаған.
Әнші Мақпал Жүнісова Заманбек қайтыс болғаннан кейін, жүз күн, 3 ай не жұмысқа бара алмай, не сахнаға шыға алмай, не істерін білмей отырып қалды. «Қазақконцерт» оны жұмыстан да шығармақшы болыпты. Зәкеңнің жүз күндігіне берілген асқа марқұм Бақытжан екеуміз барып сонда Мақпалдың қаралығын түсірдік.

«Қарағым, Заманбек секілді азаматтың жыл бойы артын күтіп, қаралық ұстасаң да жарайды. Бірақ қазіргі заман басқа, уақыт басқа. Енді мына Мерейдің әкесі де, шешесі де сенсің. Далаға шығып – еркек, үйге келіп әйел болуға тиіссің. Сенің қолыңнан бар келетіні – ән айту. Ендігі жерде торға түскен торғайдай болып тұншығып отырма. Халқыңның алдына шығып әніңді айт, шеріңді тарқат. Міне, сол үшін бүгін сенің қаралығыңды түсіруге келдік», – деп басындағы қара орамалын шешіп, шеті гүлді ашық түсті әдемі орамал салып, үстіне көйлектік матасын жауып, батамызды бердік.

Содан кейін «Жас қазақтың» журналисі Сәкен Сыбанбай маған хабарласып: «Апа, біз жаспыз ғой, біле бермейміз. Сіз Мақпал Жүнісованың қаралығын түсірді деп естідік. Соның егжей-тегжейін түсіндіріп беріңізші», – деді. Жаңағының барлығын жақсылап түсіндіріп айтып бердім. Өйткені сол кезде Кеңес Дүйсекеевтің 60 жылдығына арналған шығармашылық кеш өткелі жатты. Ал Кеңестің талай әндерін бірінші рет Мақпал орындаған. Концертке шақыртқанда Мақпал «сахнаға шықпаймын, ел не дейді» дегендей өзіне-өзі тосқауыл қойып отырған ғой. Содан мен қаралығын түсіріп, бәрін түсіндіріп айтқаннан кейін Мақпал сол кеште ән салды. Бұрынғыдай емес, кібіртіктеп сахнаға шығып келе жатқанда, залдағы көрерменнің бәрі тікесінен тік тұрып қошемет көрсетті. Өйткені концерт басталғанға дейін «Жас қазақ» газетін кірген адамдардың бәріне таратқан. Сонда ана газетте «қаралық түсірудің» не екені жақсылап түсіндірілген. Оны оқыған адамдар психологиялық тұрғыда дайын отырды ғой. Сол кеште Мақпал жылап тұрып әнін айтып, шерін тарқатты. Залдағы көпшілік: «Біз сенімен біргеміз», – деп айқайлап, қошемет көрсетті. Сөйтіп, Мақпал ары қарай концертіне шықты да кетті. Бұл да – көп жерде ұмытылған ата-бабамыздың салты..., дейді жазушы өз естелігінде. 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 1
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары