Мамания мектебі – Жетісу өңірінің тұңғыш білім ордасы.
1899 жылы бой көтерген Мамания мектебі – Жетісу өңірінің тұңғыш білім ордасы екені белгілі. Сол мектепте ұстаздық қызмет атқарған Мәкей Еркінбеков туралы біріміз білсек, біріміз білмейміз. Ол кісі ұстаздықтан бөлек, ашаршылық жылдарында жүз елуден астам жетім баланы бауырына басып, аман алып қалған ел жанашыры. Және алаш ардақтысы Ілияс Жансүгіровтың досы. Екеуі де арынды өзен Ақсудың жағасында туған замандастар. Ілияс елге келгенде Мәкейді ертіп, Мұзбұлақтың тауына шығатын көрінеді… Оңашада бір-біріне жырларын оқып, сыр шертісетін болған. Тіпті, Ілиястың атақты «Жетісу суреттерінің» жазылуына да осы Мәкей ата ықпал еткен деседі. Сонда жыр құлагерінің сырлас-досына, рухани демеушісіне айналған Мәкей Еркінбеков кім?
Латын әліпбиінде өз қолымен жазған өмірбаяны бойынша, ол кісі 1895 жылы Ақсудағы Көлденең ауылында дүниеге келген. Руы – Төре. 1905 жылы Қапалда ашылған жеті жылдық Татар мектебінде оқып, оны 1911 жылы бітіреді.
Сол жылдан бастап 1918 жылға дейін өз ауылында бала оқытып, тәрбиелейді. Осы еңбегі үшін жылына 60 сом айлық алып тұрғанын да жазады. Әкесі Еркімбек 1850 жылы Қамысмолада туған. Ал одан әрі тегіне бойласақ, Мәкей Еркінбеков – қазақ хандығының қазығын қаққан Жәнібек ханның тікелей ұрпағы. Бұл тұрғыда, ұрпақтарының қолындағы шежіреге сүйенсек:
Жәнібек ханнан – Жәдік хан – Шығай хан – Қайнаркөшек – Саңқай – Құдайменде –Тұрсынхан. Ал Тұрсынхан Мәкейдің сегізінші атасы.
«1918 ден 1920 жылға дейін Жетісу майданындағы қызыл армия құрушының мекемелерінде малшылардың бастығы болып қызмет істедім. 1920 жылдар Мобилизацияландыру жөнімен қайтадан ағарту жұмысына алындым. Сол уақыттан бері үздіксіз ағарту жұмысында істеп келемін», – деп жазады Мәкей Еркінбеков.
Сөйтіп, 1922-1930 жылдары Талдықорған уезінің білім бөлімінде қызмет етеді. Ал 1924-1926 жылдары жергілікті оқу ағарту бөлімін басқарған тұста мектеп жанынан балалар үйін ашып, ашаршылықтан аман қалған жетім балаларды жинап бағады. Мәкей атаның көзін көрген Тамара Мүфтиханқызының айтуынша, ол кісі өте салмақты адам болған. Үкімет адамы болғандықтан, балаларды аман алып қалуға барлық жағдай жасаған.