22.01.2024, 12:20

Тина Канделаки Қазақстанға кіре алмайды – ҚР СІМ ресми өкілі

Коллаж: ulysmedia.kz.

Егер сізге біреу ұнамаса, үйіңізге кіргізбейсіз ғой. Біз де сол.

Қазақстанның сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияровқа ресейлік журналист Тина Канделакидің Қазақстанға қарсы сөзіне байланысты сұрақ қойылды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Ulysmedia.kz СІМ ресми өкілінен не себепті әлі күнге дейін Тина Канделакидің сөзіне назар аудармай, жауап бермей отырғанын сұраған.

Қоғам өзі енді жауап берді ғой. Бір апта қызу талқыланды. Оған не қосайын енді? Өз есесін алды ғой. Ең өкініштісі, солай айта беретін шетел азаматына жауап бере берсек, онда өзіміздің қанша ішкі мәселесі қалып қалады. Соған көңіл бөлейік. Сырттан біреу ананы айтты, мынаны айтты деп назар аудара берсек, уақытымыз да жетпейді. Екінші өкінішті мәселе, көрші елдегі азаматтар біздің елден білмейтіні адамды кішкене өкпелетеді. Өйткені біз туралы ақпарат дұрыс емес. Біздің елге, қалай өмір сүріп жатқанымызды келіп көрсін. Ойдан шығарып жаза бергеннен енді, әлеуметтік желіде қырылысқанша өзіміздің жұмысты ары қарай жалғастырайық, – дейді Айбек Смадияров.

Бұған дейін шетелдің Қазақстанға қарсы айтқан адамдарын арнайы тізімге енгізілетіні хабарланған еді. Тина Канделаки бұған кіре ме деп сұралды Айбек Смадияровтан.

Тізімді қайта-қайта сұрай бересіздер. Бір-екі-үш деген ондай тізім жоқ. Ол әр мемлекеттің өзінің ішкі шарасы. Егер сізге біреу ұнамаса, үйіңізге кіргізбейсіз ғой. Біз де сол. Керек кезде шара қабылданады. Бүгін кіргізесіздер ме, ертең кіргізесіздер ме деп талап етпеңіздер. Мемлекет ондайды ешқашан кешірмейді. Ол Қазақстанға келе қоймас, – дейді ол.

“Келген жағдайда кіре ме?” деген сұраққа Айбек Смадияров “келген жағдайда кірмейді” деп жауап берді.