29.01.2024, 17:00

Жалған ақшаны қалай анықтауға болады?

Фото: pixabay.com

Банкнотаның бет жағының жиегінде шығыңқы, күрделі бедерлі элементтер бар, оларды саусақпен сипап сезуге болады.

 

Қазақстан Ұлттық банкі халыққа жалған ақшаны қалай анықтауға болатынын түсіндірді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

 Ұлттық банк мәліметінше, жалған ақша мен шын ақшаны төмендегілей белгілеріне қарап анықтауға болады.

Банкнотаға бедер салатын алтын интаглио атты арнайы баспа тәсілі қолданылған. 5 000 теңгеде алтын түсті күрделі бедерлі бояумен Қазақстанның елтаңбасы басылған. Банкнотаның бет жағының жиегінде шығыңқы, күрделі бедерлі элементтер бар, оларды саусақпен сипап сезуге болады. Банкнота бетінде екі түсті үзік-үзік қорғаныш сызық та бар. Ол, жарық түскенде, біртұтас сызық болып анық көрінеді. Банкнотаға басқа қырынан қараған кезде, қызыл және көк түстер бір-бірін кезектесе алмастырып тұрғандай әсер беретін динамикалық эффект байқалады. Банкнотаның бет жағында бүркіт бейнесіндегі көлемді, айшықталған патч қорғаныш элементі орналасқан. Банкнотаны аударғанда, номиналдың құнын білдіретін цифр ою-өрнекке айналады, сондай-ақ күн белгісінің сәулелері жан-жаққа таралғандай әсер байқалады. Кей көркемдік элементтерге арнайы алтын түстес жылтыр бояу қолданылған. Банкнотаға жарық түскенде, номиналдың құны көрсетілген ерекше белгі анық байқалады. Банкнотаның екінші бетінде «Бүркіт» артефактінің бейнесінде көлемді Спарк элементі орналасқан. Банкнотаға басқа қырынан қараған кезде, Спарктың түсі алтын түстен нефрит түске өзгереді.