1966 жылы «Менің құрдастарым» романы үшін Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығы берілді.
Осыдан 110 жыл бұрын (1914-1937) жазушы, журналист Саттар ЕРУБАЕВ дүниеге келген, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Оңтүстік Қазақстан облысының Түркістан ауданында туған. Алдымен ауыл молдасынан ескіше сауат ашқан. Түркістан жеті жылдық мектебін бітіріп, сонда аудандық комсомол комитетінде біраз уақыт қызмет істеген. Алматыдағы жоғары оқу орындарына түсуге даярлайтын арнайы курсты, Ленинградтың тарих-философия-лингвистика институтын бітірген. 1933 жылы «Орыс неоромантизмі және қазақтың ұлттық әдебиеті» деген тақырыпта диплом қорғап, аспирантурада қалдырылды. Бірақ, Қазақстан өлкелік комсомол комитетінің арнайы шақыртқан телеграммасымен елге оралды.
Алдымен «Ленинская смена», кейіннен «Лениншіл жас» газетінде әдебиет бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарды. Мұнымен қатар, Алматыдағы жоғары ауыл шаруашылығы мектебінің философия кафедрасында ассистент болып, лекция оқыды. Біраз уақыт «Лениншіл жас», «Қарағанды пролетариаты» газеттерінде жауапты редактордың орынбасары болды. Өзінің болашақ романы – «Менің құрдастарымның» материалын осы кезеңде дәл осы жердегі өмірден жинақтаған.
Қазақстан жазушылары одағының I съезіне делегат болып қатысып, одақтың мүшелігіне алғаш қабылданғандардың бірі. 1935 жылы Алматыға оралып, Ленинград университетінің аспирантурасына түсуге дайындалды. Толық аяқтап үлгермегенмен, «Менің құрдастарым» романымен, көркем әңгіме, новеллаларымен прозашы ретінде, суреттеме-очерк, мақалалары арқылы – публицист, өлең-жыр, балладалары, эпиграмма, пародиялары арқылы – ақын ретінде ол туған әдебиеті тарихынан өз орнын алды. 1966 жылы «Менің құрдастарым» романы үшін Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығы берілді.