Режиссер аталған туындыны қалай түсіргені туралы естелігімен бөлісті.
Еркін Рақышев 2007 жылы көпшілік назарына ұсынылған "Жаралы сезім" фильмінің екінші бөлімін түсіргенін айтты, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
"Менің өмірім" бағдарламасына бағдарламасына сұхбат берген режиссер аталған туындыны қалай түсіргені туралы естелігімен бөлісті, деп жазады el.kz.
"Фильм түсіру үшін үйімді кепілдікке қойдым. Әйелім қылқынып өліп қала жаздады. Қазір менің атымда ештеңе жоқ. 30 мың доллар алдым. Сөйтіп "Жаралы сезім" фильмін түсірдім. Ол ақша қалай қайтады? Оны кинотеатрдан көрсетемін бе? Ол жағы ойымда жоқ. Бастысы, жақсы кино түсіруім керек. Кейін киноға жұмсаған ақшамды шығарып алдым. Үстіне 50 мың доллар пайда көрдім. Сол кезде режиссер боламын деп түбегейлі шештім", - деді режиссер.
Сонымен қатар Еркін Рақышев фильмнің екінші бөліміне түскен актерлік құрам жайлы да айтты.
"Бұйырса, ақпан айында "Жаралы сезімнің" екіншісі шығады. "Жаралы сезім" фильмінен кейін мен жиырмаға тарта кино түсірдім. Кино түсіріліп болды. Музыкасын жазып жатыр. Кинотеатрлардан көрсетіледі. Бұрынғы актерлік құрамды ойнатқым келген. Алайда белгілі бір себеппен басты рөлдегі Арайды ойнайтын актриса фильмге түспеді. Ол желіде "Режиссермен гонорарға келісе алмадық" деді. Мен оның сұраған бағасын бере алмадым. Бірақ сол актрисаға ұқсас Әсем деген қызды таптық. Актерлік шеберлігі керемет, Арайдың рөлін керемет ойнап шығады. "Жаралы сезімнің" екінші бөлімі менің көңілімнен шығады. Өйткені, мен үлкен жауапкершілікпен қарадым. Бірінші бөлімдегідей түсірілсе, қазір фильмді халық қабылдамайды. Фильм Алматы қаласында түсірілді. Бірінші бөлімдегі "папа, папа" деп жүгіріп жүретін бала басты рөлде ойнайды. Ол кезде ол 5-6 жаста еді. Одан бері 17 жыл өтті", - деді Еркін Рақышев.