$ 494.87  520.65  4.91

Смағұл Елубай: Елтаңбаны насихаттаудың жаңа формасын ойлап табу керек

Біздің Мемлекеттік елтаңбаның геральдикалық басты элементі – шаңырақ.

Фото: kaznu.kz
Фото: kaznu.kz

Қазақстанның Халық жазушысы Смағұл Елубай «Жаңа Адамдар» жастар қозғалысының Елтаңба туралы жүргізген сауалнамасына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Қаламгердің пайымдауынша, көпшілікке мемлекеттік рәміздерді танытудың жаңаша форматын ойлап табу керек.

Астана мен Алматыда  500 адам Елтаңбаны танымапты дегенді естідім. Бірақ, ол сауалнамаға қатысқан адамдар кімдер? Мәселе сонда ғой. Олардың ата-анасы кім, қандай ұстаздың алдын көрді? Көркем әдебиет оқи ма, көкірек көзі ояу ма деген сауал туындайды. Рәміздегі атрибутты түсінбейміз депті кейбірі. Олай болса түсіндірейік.

Біздің Мемлекеттік елтаңбаның геральдикалық басты элементі – шаңырақ. Ол үлкен ұғымды білдіретін элемент. «Шаңырағың биік болсын», «шаңырағың шайқалмасын» деген жақсы сөз бар халқымызда. Шаңырақ – біздің Отанымыздың, ортақ үйіміздің символы. Шаңырақтан күн сәулесіндей тараған уықтары бар. Аңыздағы қанатты тұлпарлар бейнесі қандай? Елтаңбада тұтас дала мәдениеті көрініс тапқан. Сауалнамаға қатысқандардың 70 пайызы осыны түсінбесе демек, насихаты жоқ.

Тағы оқи отырыңыз: Қазақстандықтар неліктен Елтаңбамызбен таныс емес? (ВИДЕО)

Өмірінде бақыр тиын ұстап көрмеген бе? - Тоқтар Жақаш Елтаңбаны танымағандарды сынады

Бізде көбінесе Мемлекеттік Әнұран мен Туды насихаттап, дәріптейміз де Елтаңбаны ұмыт қалдырамыз. Теледидардан, радиодан Әнұранды жиі тыңдаймыз. Желбіреп тұрған көк Туды да күн сайын көреміз. Елтаңба естен шығып жатады. Сауалнамаға қатысқандардың танымай жатуының себебі де осында жатуы мүмкін.

Мүмкін Әнұран шырқалған кезде Елтаңбаны да қоса көрсету керек шығар?! Әйтеуір, жаңаша бір формасын табу керек. Жастар қозғалысы қоғамдық ойды қозғаған екен, енді осының жаңа формасын да іздеп тапсын, көрсетсін. Талқылайық, бағасын берейік. Ал, бірақ насихаттың жаңа түрін ойлап табу, соған байланысты жұмыс істеу мемлекеттік саясатымыздың негізі болуы тиіс. Мәдениет және ақпарат министрлігі осы жұмысты ұйымдастырып, қолға алғаны жөн деп білемін, – деді жазушы Смағұл Елубай.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары