Жиынға әлем мемлекеттерінің бетке ұстар азаматтары шақырылады.
Бүгін АҚШ президенті Джо Байденнің қатысуымен Ақ үйде қайырымдылық асы өтіп жатыр. Халықаралық шараға Қазақстаннан дінтанушы, теолог, психолог Нұрлан қажы Байжігітұлы қатысуда, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы Kazinform-ға сілтеме жасап.
Сонымен қатар алқалы жиынға алпауыт елдің дін басшылары, өзге де мемлекет жетекшілері, танымал тұлғалар шақырылған.
"Негізгі мақсаты - әлемдегі тыныштық, ынтымақ, бірлік және осы төңіректе жасалатын дұғалар мен мінәжат. Әр дін өкілі өзінің дұғасын өз қолымен, ниетімен жеткізеді. Бұл - әлемде болып жатқан жағдайға байланысты барлық дін өкілдерінің бір жерде ниет тоғыстыруы" - деп түсіндірді АҚШ-тағы ас туралы агенттіктің дереккөзі.
Белгілі болғандай, қайырымдылық дастарханына 127 мемлекеттен 1600 адам жиналған.
Айта кетейік, бұған дейін Нұрлан имамның АҚШ президенті Джо Байденнен шақырту алып, жолға аттанғалы отырғанын жазған болатынбыз. Ол Америка көшбасшысы жыл сайын қайырымдылық ас беретінін айтқан. Жиынға әлем мемлекеттерінің бетке ұстар азаматтары шақырылады.
"Алланың қалауы бойынша биыл біздің елімізден таңдау маған түсіп тұр екен. Мемлекетіміздің мүддесін, Президентіміз қалыптастырып отырған ішкі және сыртқы саясатты, сондай-ақ руханиятымызды кеңейту, паш ету, қазақ тарихының кең екенін көрсету үшін осы сапарға ниет білдіріп отырмыз. Алдағы аптада үлкен сапарға жол жүрмекпіз", - деген еді Нұрлан имам.